Қазіргі қоғамдағы білім берудің рөлі: білім, дағдылар, мүмкіндіктер және экономикалық әл-ауқат — ҚазҰУ

Қазіргі қоғамдағы білім берудің рөлі: білім, дағдылар, мүмкіндіктер және экономикалық әл-ауқат

6 қазан 2026
Қазіргі қоғамдағы білім берудің рөлі: білім, дағдылар, мүмкіндіктер және экономикалық әл-ауқат

2026 жылғы 29 қыркүйекте әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университеті Филология факультетінің Шетел филологиясы және аударма ісі кафедрасының «6B02303 – Шетел филологиясы (батыс тілдері)» білім беру бағдарламасының 4-курс студенттері «Қазіргі қоғамдағы білім берудің рөлі: білім, дағдылар, мүмкіндіктер және экономикалық әл-ауқат» тақырыбында ашық сабаққа қатысты. Сабақ Тұрақты даму мақсаттары (ТДМ) аясында, атап айтқанда ТДМ 4 «Сапалы білім беру» мақсатына ерекше назар аудара отырып өткізілді.

Сабақтың мақсаты – қазіргі қоғамдағы білім берудің рөлін зерделеу арқылы студенттердің ағылшын тіліндегі жоғары деңгейдегі коммуникациялық, сыни ойлау, аналитикалық пайымдау және дәлелдеу дағдыларын дамыту. Студенттер білім беруді тек білім алудың құралы ретінде ғана емес, сонымен қатар кәсіби дағдыларды дамытуға, жұмысқа орналасу мүмкіндіктерін арттыруға, әлеуметтік мобильділікке және жеке әрі экономикалық әл-ауқатты жақсартуға ықпал ететін маңызды фактор ретінде қарастырды.

Сабақ барысында студенттер XXI ғасырдағы білім берудің өзгермелі рөлін және білім беру, жұмыспен қамту, табыс пен өмір сапасы арасындағы өзара байланысты талдады. Жылдам өзгеріп жатқан еңбек нарығы жағдайында маңызды құзыреттер ретінде әмбебап дағдыларға, цифрлық сауаттылыққа, шығармашылыққа, коммуникацияға, бейімделгіштікке және өмір бойы білім алуға ерекше назар аударылды. Сонымен қатар студенттер сапалы білімге тең қолжетімділік мәселелерін, соның ішінде әлеуметтік-экономикалық жағдайдың, цифрлық теңсіздіктің және білім алу мүмкіндіктеріндегі айырмашылықтардың ықпалын талқылады.

Сабақтың негізгі бөлігінде интерактивті топтық талқылаулар мен аналитикалық тапсырмалар жүргізілді. Студенттер кәсіби жетістікке жетуде жоғары білімнің маңыздылығын, академиялық біліктіліктің жұмысқа орналасуға және экономикалық әл-ауқатқа кепілдік бере алатынын, сондай-ақ білім берудің әлеуметтік теңсіздікті азайтуға ықпал ету жолдарын талқылады. Олар өз пікірлерін дәлелдеп, қарама-қарсы көзқарастарға жауап беріп, өз ұстанымдарын нақты мысалдармен негіздеді.

Сабақ «Білім беру – тек білімге жетелейтін жол ғана емес, сонымен қатар мүмкіндіктер мен экономикалық әл-ауқатқа бастайтын жол» деген тұжырым бойынша рефлексиямен қорытындыланды. Ашық сабақ студенттердің белсенді қатысуымен өтіп, олардың академиялық сөйлеу, сыни ойлау, дәлелдеу, бірлескен қарым-қатынас және ағылшын тіліндегі кәсіби коммуникация дағдыларын дамытуға ықпал етті. Сонымен қатар студенттердің білім беруді тұлғалық даму, әлеуметтік теңдік, жұмыспен қамту және тұрақты экономикалық өсудің негізгі факторы ретінде түсінуі кеңейді.

Шетел филологиясы және аударма ісі кафедрасы

Ассистент-профессор Кенжеканова Қ.К.