Процессуалдық мерзімдер тәжірибеде — болашақ заңгерлерге арналған қонақ дәріс
2026 жылғы 6 қазанда Халықаралық қатынастар факультетінің «Халықаралық құқық» білім беру бағдарламасы аясында 3 курс студенттеріне арналған «Процессуалдық мерзімдер: практикалық кейстер» тақырыбында қонақ дәріс өткізілді.
Кездесудің спикері — халықаралық дәрежедегі адвокат Базарбеков Думан Қалимбекұлы, заң практикасы саласында мол кәсіби тәжірибеге ие маман.

Дәріс барысында процессуалдық мерзімдерді нақты заң тәжірибесінде қолдану мәселелеріне ерекше назар аударылды. Думан Қалимбекұлы практикалық кейстер негізінде студенттерге заңгер үшін заңнама нормаларын білу ғана емес, оларды нақты құқықтық жағдайларда дұрыс қолдану, процессуалдық шешімдерді уақтылы қабылдау және олардың ықтимал құқықтық салдарын алдын ала бағалау қаншалықты маңызды екенін көрсетті.
Кездесудің ерекшелігі — еркін әрі жылы кәсіби пікір алмасу атмосферасы болды. Спикер күрделі құқықтық мәселелерді нақты практикалық жағдайлар арқылы түсіндіріп, қызықты мысалдармен, кәсіби байқауларымен, әзіл-қалжыңымен және өзіне тән шешендік шеберлігімен толықтырды. Соның нәтижесінде дәріс студенттердің үлкен қызығушылығын тудырып, белсенді пікір алмасу форматында өтті.
Мұндай кездесулер болашақ заңгерлерді даярлауда ерекше маңызға ие. Олар студенттерге теориялық білімдерін практикалық тәжірибемен ұштастыруға, тәжірибелі мамандардың кәсіби жолымен танысуға және заманауи заңгер мамандығына қойылатын нақты талаптарды жақсырақ түсінуге мүмкіндік береді.
Халықаралық қатынастар факультетінің халықаралық құқық кафедрасы Думан Қалимбекұлы Базарбековке мазмұнды дәрісі, студенттермен ашық кәсіби диалогы және болашақ халықаралық құқық мамандарымен өзінің кәсіби тәжірибесімен бөліскені үшін шынайы алғысын білдіреді.

Басқа жаңалықтар