- Басты бет
- Жаңалықтар
- Құрлық экожүйелерін сақтау ТДМ- 15. «Таза Қазақстан» жобасы аясында «Жасыл кампус апталығы» экологиялық акциясына арналған ашық сабақ өтті.
Құрлық экожүйелерін сақтау ТДМ- 15. «Таза Қазақстан» жобасы аясында «Жасыл кампус апталығы» экологиялық акциясына арналған ашық сабақ өтті.
Әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университетінің География және табиғатты пайдалану факультеті, Картография және геоинформатика кафедрасында «Таза Қазақстан» жалпыұлттық экологиялық жобасы аясында «Жасыл кампус апталығы» экологиялық акциясына арналған ашық сабақ ұйымдастырылды. Іс-шараға «Геоинформатика» білім беру бағдарламасының 2-курс студенттері қатысты.
Ашық сабақтың негізгі мақсаты – студенттердің экологиялық мәдениетін қалыптастыру, қоршаған ортаны қорғауға деген жауапкершілігін арттыру және заманауи геоақпараттық технологиялардың экологиялық мәселелерді зерттеу мен шешудегі мүмкіндіктерін таныстыру.
Сабақ барысында қоршаған ортаның экологиялық жағдайын бағалау, жасыл аймақтарды сақтау, қалалық аумақтарды көгалдандыру және табиғи ресурстарды тиімді пайдалану мәселелері талқыланды. Студенттерге геоақпараттық жүйелердің қоршаған ортаны бақылау, кеңістіктік деректерді талдау және экологиялық мониторинг жүргізудегі маңызы түсіндірілді.
Ашық сабақтың ерекше қызығушылық тудырған бөлігі интерактивті картамен жұмыс жасау болды. Студенттер интерактивті карта арқылы аумақтың кеңістіктік құрылымымен танысып, жасыл аймақтардың орналасуын, жер пайдаланудың ерекшеліктерін және экологиялық жағдайды карта негізінде талқылады. Интерактивті картаның мүмкіндіктерін көрсету теориялық білімді тәжірибемен ұштастыруға және геоинформатика саласының экологиялық зерттеулердегі практикалық маңызын түсінуге мүмкіндік берді.

Іс-шара студенттердің белсенді қатысуымен қызықты әрі мазмұнды өтті. Білім алушылар өз пікірлерін ортаға салып, сұрақтар қойып, қоршаған ортаны қорғауда цифрлық картография мен геоақпараттық технологияларды қолданудың тиімділігі жөнінде ой бөлісті. Сабақ барысында экологиялық мәселелерге ғылыми тұрғыдан қараудың және заманауи технологияларды тиімді пайдаланудың маңыздылығына ерекше назар аударылды.
Осындай танымдық іс-шаралар болашақ геоинформатика мамандарының кәсіби құзыреттілігін дамытуға, экологиялық санасын арттыруға және табиғатты қорғау бастамаларына белсенді қатысуына ықпал етеді. «Таза Қазақстан» бастамасы аясында өткізілген ашық сабақ студенттерге қоршаған ортаның тазалығы мен тұрақтылығын сақтауда әрбір азаматтың жауапкершілігі маңызды екенін түсіндіруге бағытталды.
Басқа жаңалықтар