КРИТЕРИАЛДЫ БАҒАЛАУ ТЕХНОЛОГИЯЛАРЫН МЕҢГЕРТУДЕГІ ТӘЖІРИБЕЛІК САБАҚ ПАНОРАМАСЫ
2026 жылғы 6 қазанда 6В01701 – «Қазақ тілі мен әдебиеті» білім беру бағдарламасының 4-курс студенттеріне «Сыни бағалау технологиясы» пәні аясында Педагогика және білім беру менеджменті кафедрасының аға оқытушысы, педагогика ғылымдарының кандидаты А. Альчимбаева семинар сабағын өткізді. Семинар топтық тимбилдинг форматында ұйымдастырылды. Семинар тапсырмалары тікелей мамандық мысалына бағытталды және екі фокус-группаға бөлінді. Әдістемелік қорға «Смартфон» әдісі мен «Топтық сарапшы» шебер қолданылды.
Сабақтың мақсаты – болашақ педагогтердің өзін-өзі және топтық жұмысты бағалау дағдыларын дамыту, бағалау критерийлерін өз бетінше құрастыруға үйрету, сондай-ақ бағалау барысында өз пікірін дәлелдеп, қабылданған шешімге талдау жасай білу қабілетін қалыптастыру. Сонымен қатар студенттердің шығармашылық тапсырмаларды орындау кезінде жеке жауапкершілігін арттыру және топ мүшелерімен бірлесіп жұмыс істеу дағдыларын жетілдіру көзделді.
Сабақ барысында студенттер екі топқа бөлінді, біріне М. Әуезовтың «Көксерек» повесі, екінші топқа Б. Майлиннің «Шұғаның белгісі» повесін бағалауға бағытталған арнайы тапсырмалар берілді. Оқытушы критерий бағамдарын озық технологияларға сүйеніп құрастыруды нысанға алды. Бұл жұмыс барысында студенттер шығарманың мазмұнын түсіну, негізгі ойды анықтау, кейіпкерлерге сипаттама беру, көркемдік ерекшеліктерін талдау сияқты талаптарды ескерді. Кейін әр топ мүшесі ұсынған критерийлер талқыланып, олардың ішінен бір-бірден тиімді әрі нақты критерий таңдап алынды. Осылайша топ мүшелерінің жеке пікірлері біріктіріліп, ортақ авторлық бағалау критерийі құрастырылды.
Студенттер өздері таңдаған критерийлердің не себепті алынғанын түсіндіріп, олардың шығарма мазмұнын бағалауға қаншалықты сәйкес келетінін талдады. Бұл жұмыс әр студенттің өз пікірін қорғауына және ортақ шешім қабылдау үдерісіне белсенді қатысуына мүмкіндік берді.
Бірінші топтың тапсырмасы өзін-өзі бағалау дағдысын қалыптастыруға бағытталды. Топ мүшелеріне смартфон әдісін меңгерді. Студенттер өздерінің орындаған жұмысын смартфон экранындағыдай елестетіп, жеке жетістіктері мен кемшіліктерін саралады. Әр студент өз жұмысына өзі құрастырған критерийлер негізінде баға беріп, қандай талаптарды орындағанын және қай тұстарды жетілдіру қажет екенін анықтады. Смартфон әдісі арқылы студенттер өз жұмысына сырт көзбен қарап, нәтижесін объективті бағалауға тырысты.
Екінші топтың тапсырмасы топтық бағалау дағдысын дамытуға арналды. Студенттер постер әзірлеп, шығармаға қатысты негізгі ойларды, кейіпкерлерді, оқиға желісін және көркемдік ерекшеліктерді қамтыды. Постер дайын болғаннан кейін топ мүшелері өзара құрастырған критерийлер негізінде ортақ жұмысты бағалады. Бағалау барысында әр студенттің топтық жұмысқа қосқан үлесі, белсенділігі, идея ұсынуы және тапсырманы орындауға қатысуы ескерілді.
Семинар сабағының қорытынды бөлімінде Альчимбаева Айгүл Бақытжанқызы студенттердің жұмыстарын талдап, олардың бағалау критерийлерін құрастырудағы белсенділігін атап өтті. Педагог өзін-өзі бағалау оқушының жауапкершілігін арттыратынын, ал топтық бағалау бірлескен жұмыс мәдениетін қалыптастыратынын түсіндірді. Сонымен қатар бағалау кезінде жеке пікірге ғана сүйенбей, алдын ала белгіленген нақты талаптарды басшылыққа алу қажеттігіне назар аударды.
Жалпы, «Өзін-өзі бағалау және топтық бағалау дағдылары» тақырыбындағы семинар сабағы болашақ қазақ тілі мен әдебиеті мұғалімдерінің кәсіби құзыреттілігін арттыруға бағытталған мазмұнды практикалық іс-шара болды. Студенттер, жеке критерий құрастыру, ортақ бағалау талаптарын белгілеу, өз жұмысын бағалау және топтық жұмыстың нәтижесін саралау арқылы бағалаудың маңызын тәжірибе жүзінде меңгерді.
Басқа жаңалықтар