ОҚУШЫЛАРДЫҢ БІЛІМІН БАҒАЛАУ КРИТЕРИЙЛЕРІНІҢ ЗАМАНАУИ ӘДІСТЕМЕЛІК РЕСУРСТАРЫНЫҢ МҮМКІНДІКТЕРІ — ҚазҰУ

ОҚУШЫЛАРДЫҢ БІЛІМІН БАҒАЛАУ КРИТЕРИЙЛЕРІНІҢ ЗАМАНАУИ ӘДІСТЕМЕЛІК РЕСУРСТАРЫНЫҢ МҮМКІНДІКТЕРІ

29 қыркүйек 2026
ОҚУШЫЛАРДЫҢ БІЛІМІН БАҒАЛАУ КРИТЕРИЙЛЕРІНІҢ ЗАМАНАУИ ӘДІСТЕМЕЛІК РЕСУРСТАРЫНЫҢ МҮМКІНДІКТЕРІ

2026 жылғы 29 қыркүйекте «6В01701 –Қазақ тілі мен әдебиеті» білім беру бағдарламасының 4-курс студенттеріне «Сыни бағалау технологиясы» пәні оқытушысы А. Альчимбаева мамандыққа негізделген бағалаудың озық технологияларымен таныстырды. Сабақтың негізгі мақсаты – болашақ қазақ тілі мен әдебиеті мұғалімдерінің кәсіби қызметіндегі бағалау критерийлерін өздігінен құрастырып қана қоймай, оларды нақты шығармашылық жұмыстарды бағалау барысында тиімді әрі сауатты қолдану дағдысын қалыптастыру. Нысанға «диктант», «мазмұндама», «шығарма», «мәнерлеп оқу» тапсырмалары бағалау критерийлерін түзі алынды.

Сабақ барысында студенттерді үш топқа бөліп, әр топқа мамандыққа бағытталған шығармашылық тапсырмалар берілді. Бірінші топ эссе жазу және мәнерлеп оқуға арналған бағалау критерийлерін құрастырды. Екінші топ ақындарды жасанды интеллект арқылы сөйлету идеясын жүзеге асырып, шығармашылық жұмыс әзірледі. Үшінші топ авторға немесе шығармаға қатысты элементтерді пайдалана отырып, бейнеролик түсіруге арналған бағалау критерийлерін әзірледі.

Бірінші топтың жұмысы өзін-өзі бағалау дағдысын қалыптастыруға бағытталды. Студенттер эссе жазып, оны мәнерлеп оқыды. Әр студент өз жұмысын алдын ала белгіленген критерийлер бойынша талдап, жұмысына қандай балл қоятынын және бұл бағалауды қандай талаптармен негіздейтінін түсіндірді. Осы тапсырма арқылы студенттер өз жұмысына сыни тұрғыдан қарау, жетістіктері мен кемшіліктерін анықтау және қойылған бағаны дәлелдеу дағдыларын дамытты.

Екінші топ жасанды интеллект мүмкіндіктерін пайдаланып, Абай Құнанбайұлы мен Мұқағали Мақатаевты сөйлету арқылы комикс әзірледі. Топтың негізгі мақсаты – оқушылардың ақындардың шығармашылығымен қатар, олардың тұлғасын, әдеби мұрасын және шығармашылық ерекшеліктерін тануына мүмкіндік беретін заманауи тәсіл ұсыну. Студенттер жасанды интеллект құралдарын әдеби білімді шығармашылық түрде меңгертудің бір мүмкіндігі ретінде пайдаланды.

Үшінші топ бағалау критерийлерін бейнеролик арқылы тәжірибеде сынақтан өткізді. Студенттер екі бейнеролик түсірді. Бірінші бейнеролик белгіленген бағалау критерийлеріне толық сәйкес келмесе, екінші бейнероликте қойылған талаптар толық сақталды. Абай Құнанбайұлының «Қыс» өлеңіне арналған екінші бейнеролик ақынның мүсіні жанында түсіріліп, шығарма мазмұны мен автор бейнесі өзара байланыстырылды. Бағалау барысында студенттердің дауыс мәнері, дикциясы, интонациясы, сөз қолданысы мен құрылымы, бейненің техникалық сапасы, шығарма мазмұнына сәйкестігі және шығармашылық шешімі ескерілді.

Сабақтың басты ерекшелігі – студенттердің бағалау критерийлерін дайын күйінде қабылдамай, оларды өздері құрастырып, кейін сол өлшемдерді нақты шығармашылық жұмыстарды бағалау барысында қолдануы болды. Бірінші және екінші жұмыстарды салыстыру арқылы студенттер нақты әрі түсінікті критерийлердің бағалаудың объективтілігіне тікелей әсер ететінін тәжірибе жүзінде байқады.

Шығармашылық тапсырмалар мен сабақтың негізгі идеяларын педагог Альчимбаева Айгүл Бақытжанқызы ұсынды. Сабақ барысында студенттер бағалау критерийлерін құрастыру және қолданумен қатар, әдебиетті оқытуда жасанды интеллект, бейнеролик, мәнерлеп оқу және басқа да шығармашылық тәсілдерді тиімді пайдаланудың мүмкіндіктерін таныды.

Нәтижесінде студенттер бағалаудың нақты әрі алдын ала белгіленген өлшемдерге негізделуі керектігін түсініп, өз жұмысын және өзгенің жұмысын объективті бағалау, критерийлер арқылы дәлелді шешім қабылдау және әдеби білімді заманауи шығармашылық форматта ұсыну тәжірибесін қалыптастырды. Бұл сабақ болашақ қазақ тілі мен әдебиеті мұғалімдерінің кәсіби бағалау құзыреттілігін жетілдіруге бағытталған тиімді практикалық жұмыс ретінде ұйымдастырылды.