- Басты бет
- Жаңалықтар
- Цифрлық дәуірдегі психология: ҚазҰУ-да неміс ғалымдарымен тәуелді мінез-құлық пен стресс мәселелері талқыланды
Цифрлық дәуірдегі психология: ҚазҰУ-да неміс ғалымдарымен тәуелді мінез-құлық пен стресс мәселелері талқыланды
2026 жылғы 12 қазанда әл-Фараби атындағы ҚазҰУ философия және саясаттану факультетінің жалпы және қолданбалы психология кафедрасы «Психология цифрлық кеңістіктегі тәуелді мінез-құлықтың жаңа түрлері мен стресске байланысты мәселелерді шешуге қандай үлес қоса алады?» атты халықаралық дөңгелек үстел өткізді. Іс-шара кафедраның «Сандық әлемдегі мінез-құлықтық тәуелділік пен стресс-менеджментке заманауи ықпалдар: әдістеме, теория және практика» атты ғылыми мектебінің жұмыс бағытына сәйкес және ҚазҰУ-дың Тұрақты даму мақсаттары аясында өтті.
Ұйымдастырушылар – кафедра меңгерушісі, профессор
А.Л. Нурмаханбетов, «Сандық әлемдегі мінез-құлықтық тәуелділік пен стресс-менеджментке заманауи ықпалдар: әдістеме, теория және практика» атты ғылыми мектебінің жетекшісі, профессор С.К. Бердібаева, докторанттар Р.М. Беркінбай, М.Д. Қасымова және Дун Цзихуа. Дөңгелек үстелді оның төрағасы – философия және саясаттану факультетінің деканы, қауымдастырылған профессор Б.Б. Мейрбаев ашты.
Лейпциг университетінің құрметті профессоры, клиникалық психолог, психотерапевт және супервизор, стресс-менеджмент саласының сарапшысы Конрад Решке «Денсаулықты нығайтудың цифрлық тәсілдері: стресс пен депрессия мысалында – денсаулық сақтау қосымшалары» тақырыбында баяндама жасады. Ол Германияда цифрлық психологиялық профилактиканың алғашқы онлайн-форумдардан бастап бүгінде дәрігерлер мен психотерапевттер тағайындайтын денсаулық қосымшаларына дейін қалай дамығанын әңгімеледі. Профессор Лейпциг университеті зерттеп жүрген депрессия кезіндегі онлайн-көмек бағдарламаларына, цифрлық өнімдерді бағалау критерийлеріне – деректерді қорғау, ғылыми негізділік, ашықтық – және онлайн форматта клиентпен сенімді байланыс орнатуға тоқталды. Баяндаманың басты қорытындысы: цифрлық профилактика – барлық мәселені шешетін әмбебап құрал емес, мүмкіндіктер мен тәуекелдерді қатар ұштастыратын күрделі құрал, ал терапиялық қарым-қатынас тиімді көмектің негізгі факторы болып қала береді.
Шақырылған профессор, клиникалық психолог және психотерапевт, «Райнхардсхёэ» клиникасының (Бад-Вильдунген, Германия) психология бөлімінің меңгерушісі Алёна Гарбер, PhD «Интернеттегі импульсивті сатып алулар стресспен күресудің формасы ретінде» тақырыбында баяндама жасады. Ол «стресс – сатып алу – қысқа мерзімді жеңілдік – кінә сезімі» тұйық шеңберін сипаттап, жекелендірілген алгоритмдер, push-хабарламалар, бір басумен сатып алу және бөліп төлеу оның әрбір буынын қалай күшейтетінін көрсетті. Тыңдаушылар М. Гриффитстің мінез-құлықтық тәуелділік моделімен, скрининг құралдарымен және дәлелді көмек әдістерімен – когнитивтік-мінез-құлықтық терапиямен, зейінділік (mindfulness) әдістерімен және цифрлық гигиена ережелерімен танысты.
Талқылауға оқытушылар, докторанттар, магистранттар мен студенттер белсенді қатысып, қонақтарға сұрақтар қойды және еркін сөз сөйлеу барысында өз тәжірибелерімен бөлісті. Дөңгелек үстел әл-Фараби атындағы ҚазҰУ жалпы және қолданбалы психология кафедрасының неміс әріптестерімен халықаралық ынтымақтастығын дамытуға және мінез-құлықтық тәуелділік пен стресс-менеджментке арналған ғылыми мектепті ілгерілетуге қосылған тағы бір қадам болды.
Басқа жаңалықтар