- Басты бет
- Жаңалықтар
- ҚазҰУ-да Орталық Азиядағы су ынтымақтастығы тетіктерін жетілдіру жөніндегі халықаралық семинар өтті
ҚазҰУ-да Орталық Азиядағы су ынтымақтастығы тетіктерін жетілдіру жөніндегі халықаралық семинар өтті
Әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университетінің халықаралық қатынастар факультетінде «Орталық Азиядағы су ресурстарын басқару саласындағы үйлестіру тетіктерін жетілдіру» атты халықаралық ғылыми-практикалық семинар өтті.
Семинар трансшекаралық су ынтымақтастығы тетіктерін зерттеуге және Орталық Азия мемлекеттерінің ұлттық мүдделерін үйлестіруге арналды. Іс-шараның негізін су, энергетикалық және азық-түлік қауіпсіздігі, сондай-ақ экологиялық тұрақтылық мәселелерін біріктіретін «NEXUS: Water Diplomacy in Central Asia» келіссөздер симуляциясы құрады.
Ситуациялық модельдеудің зерттеушілік әлеуетіне ерекше назар аударылды. Бұл тәсіл өңірлік мәселелерді су ресурстарының маусымдық бөлінуі, ауыл шаруашылығының қажеттіліктері, электр энергиясын өндіру режимдері және экологиялық шектеулер сияқты факторлардың өзара ықпалы арқылы қарастыруға мүмкіндік береді. Симуляция ресурстардың біркелкі бөлінбеуі, өзара тәуелділік және институционалдық тетіктер мемлекетаралық уағдаластықтарға қол жеткізу мүмкіндіктеріне қалай әсер ететіні жөнінде зерттеу сұрақтарын тұжырымдауға жағдай жасады.
Іс-шараның негізгі қатысушылары «Халықаралық қатынастар» мамандығының магистранттары болды. Олар Орталық Азияның бес мемлекетінің - Қазақстан, Қырғызстан, Тәжікстан, Түрікменстан және Өзбекстанның өкілдері, сондай-ақ сыртқы донорлар делегациясы рөлдерін атқарды. Мемлекеттердің ұстанымдарын талдау салыстырмалы талдау, дәйекті дәлелдеу және ынтымақтастықтың баламалы стратегияларын бағалау дағдыларын дамытуға бағытталды. Талқылаудың өзегін Сырдария мен Әмудария бассейндерінің су ресурстарын бірлесіп басқару мәселелері құрады.
Бағдарлама екіжақты келіссөздерді, дағдарыстық жағдайды модельдеуді және қорытынды өңірлік саммитті қамтыды. Гипотетикалық сценарийлер бастапқы жағдайлардың өзгеруі келіссөздердегі ұстанымдарға және қабылдануы көзделген міндеттемелердің орнықтылығына қалай әсер ететінін зерделеуге мүмкіндік берді. Өңірлік келісім жобасын әзірлеу су бөлу қағидаттарын, энергия алмасу тетіктерін, бірлескен мониторингті, экологиялық міндеттемелерді және дауларды шешу рәсімдерін келісуді көздеді. Зерттеушілік тұрғыдан өзара бәсекелес ұлттық басымдықтарды өзара тиімділік пен өтемақы тетіктері арқылы үйлестіруге мүмкіндік беретін шарттарды анықтауға басымдық берілді. Семинар аясында 6, 10, 16 және 17-ші Тұрақты даму мақсаттарының (ТДМ) маңызы да атап өтілді.
Семинар магистранттардың зерттеушілік даярлығы мен аймақтық үдерістерді практикалық талдау арасындағы байланысты нығайтуға ықпал етті. NEXUS тәсілін қолдану Орталық Азияны пәнаралық тұрғыдан зерттеу және су дипломатиясы саласындағы құзыреттерді қалыптастыру мүмкіндіктерін кеңейтеді. Мұндай форматтар трансшекаралық ынтымақтастыққа, өңірлік институттарға және су ресурстарын тұрақты басқаруға арналған магистрлік зерттеулерді әзірлеуге негіз қалайды.
Іс-шара Қазақстан Республикасы Ғылым және жоғары білім министрлігінің № AP26103599 AP26103599 гранты («Орталық Азиядағы су ресурстарын тұрақты басқару саласындағы өңірлік ынтымақтастықтың сын-қатерлері мен мүмкіндіктері» гранты аясында ұйымдастырылды.
Іс-шараны ұйымдастырушылар - Деловарова Л.Ф., Байкушикова Г.С., Парпиев С.М.

.jpeg)

.jpeg)

.jpeg)
.jpeg)
.jpeg)
Басқа жаңалықтар