Бүгінгі студент – ертеңгі білікті маман — ҚазҰУ

Бүгінгі студент – ертеңгі білікті маман

16 қазан 2026
Бүгінгі студент – ертеңгі білікті маман

Зоология, гистология және цитология кафедрасының профессор-оқытушылар құрамы студенттерге іргелі ғылыми білім берумен қатар, олардың педагогикалық, кәсіби және тұлғалық дамуына да ерекше көңіл бөледі. Кафедра қызметінің маңызды бағыттарының бірі – ғылым мен білімнің сабақтастығын қамтамасыз ету, аға буын ғалымдарының ғылыми мұрасы мен тәжірибесін жас зерттеушілерге жеткізу.

Кафедрада білім алушыларға зоология және қолданбалы жасушалық биология бағыттары бойынша терең теориялық білім беріліп, олардың кәсіби құзыреттерін қалыптастыруға бағытталған оқу және далалық практикалар ұйымдастырылады. «Бүгінгі студент – ертеңгі білікті маман» қағидатын басшылыққа ала отырып, студенттердің ғылыми әлеуетін дамытуға, зерттеушілік дағдыларын жетілдіруге және кәсіби қалыптасуына жүйелі қолдау көрсетіледі.

Кафедра түлектерінің бірқатары қазіргі уақытта Қазақстан Республикасы Ғылым және жоғары білім министрлігіне қарасты Зоология институтында қызмет атқарып, отандық зоологиялық ғылымның дамуына елеулі үлес қосып келеді. Олардың арасында ғылыми жетістіктерімен танылған жетекші мамандар мен халықаралық деңгейде зерттеулер жүргізіп жүрген ғалымдар бар.

Осы сабақтастық аясында институт мамандары кафедраның «Зоология» білім беру бағдарламасының 4-курс студенттерімен және 2-курс магистранттарымен кездесу өткізді. Кездесу барысында мамандар зоология саласының ерекшеліктері, ғылыми зерттеулердің негізгі бағыттары, кәсіби даму мүмкіндіктері және ғылымдағы жетістікке жетудің алғышарттары туралы өз тәжірибелерімен бөлісті.

Ғалымдар кәсіби жетістікке жету үздіксіз ізденістің, табанды еңбектің және ғылыми мақсатқа деген адалдықтың нәтижесі екенін атап өтті. Сонымен қатар жас зерттеушілерді отандық зоология ғылымын дамытуға белсенді атсалысуға, ғылыми әлеуетін арттыруға және биоалуантүрлілікті зерттеу мен сақтауға бағытталған зерттеулерге қатысуға шақырды.

Мұндай кездесулер білім мен ғылым арасындағы байланысты нығайтып, жас мамандардың кәсіби бағдарын қалыптастыруға және ғылыми ұрпақтар сабақтастығын жалғастыруға мүмкіндік береді.

Доцент м.а. PhD Шарахметов С.Е.