- Басты бет
- Жаңалықтар
- «Парасатты тұлға: экологиялық сана және азаматтық жауапкершілік» тақырыбында тренинг өткізілді
«Парасатты тұлға: экологиялық сана және азаматтық жауапкершілік» тақырыбында тренинг өткізілді
2026 жылғы 8 қазанда әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университетінің 6В07304 – «Кадастр» білім беру бағдарламасының 1-курс қазақ топтарымен «Парасатты тұлға: экологиялық сана және азаматтық жауапкершілік» тақырыбында психологиялық тренинг форматындағы кураторлық сағат өткізілді.
Іс-шараның негізгі мақсаты – студенттердің қоршаған ортаға деген жауапкершілігін арттыру, экологиялық мәдениетін қалыптастыру, табиғатты қорғауға бағытталған азаматтық ұстанымын нығайту және жастардың қоғам алдындағы жауапкершілігін түсіндіру. Тренинг барысында студенттер экологиялық сана мен жауапкершіліктің маңыздылығын талқылап, өз ойларымен және пікірлерімен бөлісті.
Атап айтқанда, «Менің экологиялық ізім» тақырыбы аясында адамның күнделікті іс-әрекеттерінің табиғатқа әсері қарастырылды. Сонымен қатар қалдықтарды сұрыптау және қайта өңдеу мәдениеті, су мен энергияны үнемдеу жолдары, табиғатты қорғаудағы азаматтық жауапкершілік, «Таза университет – таза қала» қағидаты, климаттың өзгеруі жағдайындағы жастардың рөлі және әлеуметтік желілер арқылы экологиялық ақпарат тарату мәселелері қозғалды.
Іс-шараның практикалық бөлімінде студенттерге «Парасатты тұлға қандай болуы керек?» деген сұрақ қойылып, өз көзқарастарын постерге сурет салу арқылы бейнелеу тапсырмасы берілді. Студенттер шығармашылық жұмыстарында парасатты адамның бойындағы ізгі қасиеттерді, табиғатқа жанашырлықты, тазалықты сақтау мәдениетін және қоршаған ортаға жауапкершілікпен қараудың маңыздылығын көрсетті.
Психологиялық тренинг студенттердің өзара пікір алмасуына, экологиялық мәселелерге сыни көзқараспен қарауына және табиғатты қорғау әр адамның күнделікті өмірінен басталатынын түсінуіне мүмкіндік берді.
Қорытындылай келе, парасатты тұлға – өз ісіне жауапты, табиғатты құрметтейтін, қоғам игілігін ойлайтын және қоршаған ортаны қорғауды азаматтық парызы деп білетін тұлға. Осындай тәрбиелік іс-шаралар жастардың экологиялық санасын қалыптастырып, университетте экологиялық мәдениетті дамытуға және «Таза Қазақстан» жалпыұлттық бастамасының құндылықтарын насихаттауға ықпал етеді.