ҚАЗҰУ МУЗЕЙІНДЕ ИРАННЫҢ ЮНЕСКО ДҮНИЕЖҮЗІЛІК МҰРАСЫНА АРНАЛҒАН ФОТОКӨРМЕ ӨТТІ — ҚазҰУ

ҚАЗҰУ МУЗЕЙІНДЕ ИРАННЫҢ ЮНЕСКО ДҮНИЕЖҮЗІЛІК МҰРАСЫНА АРНАЛҒАН ФОТОКӨРМЕ ӨТТІ

16 қазан 2026
ҚАЗҰУ МУЗЕЙІНДЕ ИРАННЫҢ ЮНЕСКО ДҮНИЕЖҮЗІЛІК МҰРАСЫНА АРНАЛҒАН ФОТОКӨРМЕ ӨТТІ

 

2026 жылғы 16 қазанда әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университетінің музейінде «ЮНЕСКО-ның Дүниежүзілік мұралар тізіміндегі Иран: суреттердегі тарих» атты фотокөрме өтті.

Іс-шара ҚазҰУ музейінің, тарих факультетінің және Иран Ислам Республикасының Алматы қаласындағы Бас консулдығының бірлесуімен ұйымдастырылды.

Көрменің салтанатты ашылу рәсіміне Иран Ислам Республикасының Алматы қаласындағы Бас консулы Сона Ахмади, ҚазҰУ ғылыми-инновациялық қызмет жөніндегі проректоры Марғұлан Ибраимов, тарих факультетінің деканы Досбол Байгунаков, профессор-оқытушылар құрамы, студенттер және басқа да қонақтар қатысты.

Көрменің басты мақсаты – ЮНЕСКО-ның Дүниежүзілік мұралар тізіміне енгізілген Иранның 29 бірегей мәдени және табиғи мұра нысанын фотосуреттер арқылы таныстыру.

Экспозицияда ежелгі Шахр-е-Сухте археологиялық кешені, әйгілі Персеполь сарайлары, тарихи Йезд қаласы, Исфаханның сәулет ескерткіштері, парсы бақтары, керуен-сарайлар мен дәстүрлі су жүйелері таныстырылды. Көрме келушілерге Иранның бай тарихи-мәдени мұрасымен танысып, әлемдік өркениеттің қалыптасуына қосқан үлесін тереңірек түсінуге мүмкіндік берді.

Іс-шараға шамамен 100 адам қатысты. Қонақтарға арналған фуршет ұйымдастырылып, қатысушылар арасында жылы қарым-қатынас пен мәдени пікір алмасуға қолайлы орта қалыптасты.

Аталған көрме Қазақстан мен Иран арасындағы мәдени-гуманитарлық ынтымақтастықты нығайтуға, тарихи мұраны насихаттауға және жас ұрпақтың әлемдік мәдени құндылықтарға деген қызығушылығын арттыруға бағытталған маңызды іс-шара болды.

#ҚазҰУ #УниверситетМузейі #Иран #ЮНЕСКО #МәдениМұра #ХалықаралықЫнтымақтастық