ЭжБЖМ өкілдері РХДУ-дағы халықаралық конференцияға қатысты
Әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университетінің Экономика және бизнес жоғары мектебінің өкілдері 2026 жылғы 13–16 қазан аралығында Патрис Лумумба атындағы Ресей халықтар достығы университетінде өткен «Жаһандық экономиканың өзекті мәселелері» атты жыл сайынғы XXVIII халықаралық ғылыми-практикалық конференцияға қатысты.
ҚазҰУ атынан конференцияға Бизнес-технологиялар кафедрасының меңгерушісі Ахметова Зауреш Болатхановна, Экономика және бизнес жоғары мектебі деканының ғылыми-инновациялық қызмет және халықаралық байланыстар жөніндегі орынбасары Нұрғазы Шыңғыс және Бизнес-технологиялар кафедрасының аға оқытушысы Шуренов Нұрсұлтан Бекетұлы қатысты.

Конференция бағдарламасы әлемдік экономиканың трансформациясына қатысты кең ауқымды мәселелерді қамтыды. Секциялық отырыстарда жаһандық энергетика нарығындағы өзгерістер, халықаралық төлем инфрақұрылымының дамуы, демографиялық үдерістер мен көші-қон, сондай-ақ жаңа әлемдік тәртіпті қалыптастырудағы түрлі өңірлердің рөлі талқыланды.
Бағдарламада халықаралық академиялық ынтымақтастық мәселелеріне ерекше назар аударылды. Сараптамалық топтардың отырыстары ШЫҰ университеті, ТМД Желілік университеті және БРИКС Желілік университетінің қызметіне арналды. Бұл бағыттарды талқылау серіктестік байланыстарды кеңейту, академиялық ұтқырлықты дамыту және бірлескен білім беру мен ғылыми бастамаларды жүзеге асыру үшін маңызды.
Конференция РХДУ экономика факультетінің 65 жылдық мерейтойымен де тұспа-тұс келді. ЭжБЖМ өкілдерінің қатысуы кәсіби тәжірибе алмасуға және шетелдік әріптестермен ғылыми-білім беру байланыстарын нығайтуға мүмкіндік берді.
Басқа жаңалықтар