УНИВЕРСИТЕТ ПЕН ИНСТИТУТТЫҢ ЫНТЫМАҚТАСТЫҒЫ — БІЛІМ БЕРУ МЕН ӨНДІРІСТІ ЖАҚЫНДАСТЫРУ ЖОЛЫ — ҚазҰУ

УНИВЕРСИТЕТ ПЕН ИНСТИТУТТЫҢ ЫНТЫМАҚТАСТЫҒЫ — БІЛІМ БЕРУ МЕН ӨНДІРІСТІ ЖАҚЫНДАСТЫРУ ЖОЛЫ

20 қазан 2026
УНИВЕРСИТЕТ ПЕН ИНСТИТУТТЫҢ ЫНТЫМАҚТАСТЫҒЫ — БІЛІМ БЕРУ МЕН ӨНДІРІСТІ ЖАҚЫНДАСТЫРУ ЖОЛЫ

Әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университетінің География және табиғатты пайдалану факультетінің Тұрақты даму бойынша ЮНЕСКО кафедрасы мен Д.А. Қонаев атындағы Тау-кеністері институты арасындағы ынтымақтастық студенттердің білімін нақты кәсіби ортамен байланыстыруға мүмкіндік беріп отыр. Оқу жылының басынан ҚазҰУ-дың бакалаврлары мен 1–2 курс магистранттары, тау-кен саласындағы ғылыми жұмыстармен, өндірісте қолданылатын техникалық шешімдермен жәнеболашақ мамандықтарының практикалық қырларымен танысу мақсатында сабақтарын институт базасындаөткізіп жатыр

Өндіріс үшін маман даярлау тек теориялық білім берумен шектелмейді. Болашақ инженер мен қауіпсіздік маманы өндірістегі міндеттердің қалай шешілетінін, жабдықтар мен технологиялардың не үшін қолданылатынын, жұмыс орнындағы қауіп-қатерлердің қалай бағаланатынын түсінуі қажет. Ғылыми-зерттеу институтындағы сабақтар студенттерге осы мәселелерді мамандармен тікелей талқылап, оқу барысында алған білімінің нақты өмірде қалай қолданылатынын көруге жол ашады.

Биылғы жылы ҚазҰУ мен Д.А. Қонаев атындағы Тау-кен істері институты ынтымақтастық туралы меморандумға қол қойды. Құжат кадр даярлау, мамандардың біліктілігін арттыру, бірлескен білім беру бастамаларын дамыту, қонақ дәрістер мен кәсіби кездесулер өткізу, студенттердің практикасын ұйымдастыру және түлектерді жұмыспен қамтуға қолдау көрсету бағыттарын қамтиды. Сонымен қатар тараптар студенттердің кәсіптік практикасын ұйымдастыру жөніндегі келісімге келген. Оның аясында Институт практикаға қажетті жұмыс орындарын ұсынып, қауіпсіз еңбек жағдайларын қамтамасыз етуге, зертханаларға, оқу кабинеттеріне, шеберханаларға, кітапханаға және техникалық құжаттарға қолжетімділік беруге мүмкіндік жасайды.

Бұл бағыт әсіресе еңбек қауіпсіздігі, өнеркәсіптік қауіпсіздік, қоршаған ортаны қорғау және тіршілік қауіпсіздігі салаларында білім алып жүрген студенттер үшін маңызды. Өндірісте қауіпсіздікті қамтамасыз ету үшін маман қауіпті факторларды анықтап қана қоймай, олардың алдын алу жолдарын да білуі керек. Сондықтан нақты кәсіби ортада мамандармен пікір алмасу, техникалық құжаттармен танысу және зертханалардың жұмысын көру болашақ маманның дайындығын толықтыра түседі.

Студенттермен кездесуде Институт директоры, PhD докторы Ержан Тұрсынұлы Утешов мекеменің қазіргі қызметі, ғылыми-зерттеу бағыттары және тау-кен саласының алдында тұрған міндеттер туралы айтты. Кездесуге  қатысқан директордың орынбасары Е.А. Шабельников, студенттермен кәсіби даму мен ғылыми-практикалық жұмыстың маңызы жөнінде пікір алмасты. Әңгіме барысында теориялық білімді тәжірибемен ұштастырудың және мамандықты нақты жұмыс ортасында танудың маңызына назар аударылды.

Кәсіби бағдар беру аясында Өнеркәсіптік қауіпсіздік білім беру-кеңес беру орталығының маманы Артем Колотаев өнеркәсіптік қауіпсіздік саласындағы мамандықтар, кәсіби даярлық және сала мамандарына қойылатын талаптар туралы ақпарат берді. Мұндай кездесулер студенттерге өз мамандығының еңбек нарығындағы орнын түсінуге, болашақ қызмет бағытын айқындауға және жұмыс берушілер күтетін дағдыларды ертерек бағалауға көмектеседі.

ҚазҰУ студенттерінің Институт базасында сабақ оқуы – білім беру мен өндіріс арасындағы байланысты нығайтудың нақты қадамы. Мұндай ынтымақтастық студенттерге пәндерді тереңірек түсінуге ғана емес, ғылыми ізденіске қызығуға, тәжірибелі мамандардан үйренуге және кәсіби болашағын жоспарлауға мүмкіндік береді.

Ең бастысы, өндіріс сұранысына сай маман даярлау университет, ғылыми ұйым және жұмыс беруші арасындағы тұрақты байланысқа сүйенеді. ҚазҰУ мен Д.А. Қонаев атындағы Тау-кен істері институтының бірлескен жұмысы осы байланысты дамытуға бағытталған. Бүгін тәжірибемен танысып жүрген студент ертең өндірістегі технологияларды жетілдіруге, еңбек қауіпсіздігін сақтауға және саланың дамуына үлес қоса алатын маман болып қалыптасады.

 

А. К. Қожахан 

Тұрақты даму бойынша ЮНЕСКО кафедрасының доценті, т.ғ.к.,