Жапонтану бөлімінің студенттері «Жапон мәдениеті күніне» қатысты
2026 жылдың 3 қазанында Алматы қаласындағы Нархоз университетінде жапон мәдениеті мен дәстүрін таныстыруға арналған Жапон мәдениеті күні өтті.
Бағдарлама аясында шямисэн аспабында музыкалық қойылымдар, жапон билері таныстырылып, оригами, икебана, каллиграфия және фурошики жасаудан шеберлік сабақтары өтті. Сонымен қатар, келушілер айкидо мен кэндо көрсетілімдерін тамашалап, дәстүрлі жапон киімдерін киіп көрді. Шарада жапон сауда компаниялары, Hakuzo Medical, Panasonic, Air Astana және басқа да ұйымдардың ақпараттық стендтері ұсынылды.
Мәдени шараға Әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университеті Шығыстану факультеті жапонтану бөлімінің студенттері де қатысты. Студенттер кимоно киіп көру бұрышының жұмысын ұйымдастыруға атсалысып, келушілерге жапон ұлттық киімін киюге көмектесті. Сондай-ақ, қонақтарға кимоно кию дәстүрінің ерекшеліктерін таныстырды.
Аталмыш шараның Қазақстан мен Жапония арасындағы мәдени алмасуды дамытуға ықпалы зор.


Басқа жаңалықтар