Культура безопасности в цифровой среде: как защитить личные данные и избежать мошенничества — ҚазҰУ

Культура безопасности в цифровой среде: как защитить личные данные и избежать мошенничества

22 қазан 2026
Культура безопасности в цифровой среде: как защитить личные данные и избежать мошенничества

«Заң және тәртіп» жобасы аясында Экономика және бизнес жоғары мектебінің «Бизнес-технологиялар» кафедрасының оқытушылары З. Б. Ахметова, А. К. Бекметова, Н. Х. Маулина, Ш. Н. Абдикул «Логистика» мамандығының екінші курс студенттерімен бірлесіп, «Цифрлық ортадағы қауіпсіздік мәдениеті» тақырыбында дәріс ұйымдастырып, өткізді.

Факультет деканы Ж. Ж. Ермекова тақырыптың өзектілігін атап өтіп, студенттер арасында алаяқтардың әрекетінен зардап шеккендер болғанын айтты. Осыған байланысты ол білім алушыларды сақ болуға және телефонға келіп түсетін ақпаратты мұқият тексеруге шақырды.

Цифрлық технологиялардың дамуы қарым-қатынас жасауға, білім алуға және қаржылық операцияларды жүргізуге жаңа мүмкіндіктер ашқанымен, ақпараттық қауіпсіздікке ерекше көңіл бөлуді талап етеді. Дәріске қатысушылар дербес деректерді қорғау ережелерін, интернет-алаяқтықтың негізгі қауіптерін және желідегі іс-әрекеттері үшін пайдаланушылардың жауапкершілігін қарастырды.

Қазақстандағы цифрлық қауіпсіздіктің құқықтық негіздеріне ерекше назар аударылды. Қатысушылар өз сөздерінде жеке өмірге қол сұғылмаушылықтың конституциялық кепілдіктері мен заңнама талаптарын сақтаудың маңызын атап өтті. Қауіпсіздік мәдениеті ережелерді білуді ғана емес, өзгенің деректеріне құрметпен қарауды да білдіреді: жеке ақпаратты, фотосуреттер мен бейнежазбаларды рұқсатсыз таратуға, сондай-ақ жалған мәлімет жариялауға болмайды.

Ең кең тараған қауіптердің қатарында телефон арқылы жасалатын алаяқтық пен фишинг бар. Алаяқтар күмәнді сілтемелер жібереді, түрлі ұйымдардың қызметкерлері болып танысады, сондай-ақ таныс адамдардың дауысы мен бейнесін қолдан жасау үшін жасанды интеллектіні пайдаланады. Ақшаны шұғыл аударуды сұраған хабарлама түскен жағдайда, оның шынайылығына көз жеткізу үшін хабарлама жіберген адаммен тексерілген телефон нөмірі арқылы байланысу қажет.

Дәрісте дропперліктің, яғни күмәнді операциялар жасау үшін банк карталары мен шоттарын үшінші тұлғаларға берудің қауіптілігіне де тоқталды. Студенттер мұндай әрекеттер үшін қылмыстық жауапкершілік қарастырылғанын атап өтті. Дәріс барысында тіркелген 1018 дерек, жауапкершілікке тартылған 364 адам және дропперлердің шоттарында бұғатталған 1,7 млрд теңге туралы мәліметтер келтірілді.

Студенттер қолжетімді қорғаныс құралдарының қатарында «Стопкредит» сервисін, антифрод орталығын, деректердің таралып кетуін тексеру құралдарын және кибергигиена бойынша білім беру ресурстарын атады. Қатысушыларға SMS-кодтар мен құпиясөздерді ешкімге бермеу, сайттардың мекенжайларын тексеру, күрделі құпиясөздер қолдану және екі факторлы аутентификацияны қосу ұсынылды.

Дәрістің басты түйіні — цифрлық ортаның қауіпсіздігі мемлекеттік тетіктер мен техникалық шешімдерге ғана емес, әр адамның күнделікті сақтығына да байланысты. Заң талаптары мен цифрлық әдепті сақтау, әсіресе күтпеген хабарламалар келгенде ақпаратты қайта тексеруді әдетке айналдыру тәуекелдерді азайтып, жауапты интернет-қоғамдастықты қалыптастыруға ықпал етеді.

ПОҚ және «Бизнес-технологиялар» кафедрасыныңстуденттері