ҚазҰУ-да күзгі сенбілік — ҚазҰУ

ҚазҰУ-да күзгі сенбілік

22 қазан 2026
ҚазҰУ-да күзгі сенбілік

Күз – айналаның алтын түстес реңкке бөленіп, сары жапырақтардың сыбдырлаған симфониясы салтанат құратын ерекше мезгіл. Дегенмен бұл мезгіл қызғылт, сары, қоңыр жапырақтар қалықтай ұшып, жерге құлап, күздің әсем көрінісі мен қоршаған ортаның тазалығын сақтауға көңіл бөлуді айрықша қажет етеді.

Осыған орай, Әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университетінің аумағында тазалықты сақтау, айналаны көркейту және білім алушыларға экологиялық мәдениетті дәріптеу мақсатында сенбілік шарасы ұйымдастырылды.

Сенбілікке университет қызметкерлері, оқытушылар және білім алушылар қатысып, олар оқу ғимараттары мен жатақхана аумағын тазалап, айналаны ретке келтіру сынды жұмыстарды атқарды. Қатысушылар оқу ордасындағы бүкіл жанды ортақ іске жұмылдыруды мақсат тұтқан шараға белсене араласып, өз үлестерін қосты.

Мұндай шаралар үлкен тәрбиелік мәнге ие. Себебі сенбілік жастарды еңбекке баулып, оларды жауапкершілік пен ұқыптылыққа тәрбиелейді. Сондай-ақ қоршаған ортада тазалықты сақтауға әрі қоғамдық мүлікке құрметпен қарау дағдыларын қалыптастыруға мүмкіндік береді. Бірлескен еңбек ұжымдық ынтымақтастықты нығайтып, ортақ мақсат жолында бір жағадан бас, бір жеңнен қол шығара әрекет етуге үйретеді.

Осындай игі бастамалар алдағы уақытта да жалғасын тауып, оқу ордасында тазалық мәдениеті мен қоршаған ортаға жауапкершілікпен қарау құндылықтарын насихаттауға ықпал ете бермек.

 

М.М. Аймагамбетова

Шетел филологиясы және аударма ісі кафедрасының меңгерушісі

 

А. Кенжеқожаева

Шетел филологиясы және аударма ісі кафедрасының оқытушысы