ҚАЗҰУ-ДА ӘЛЕУМЕТТІК ЖҰМЫСТАҒЫ ТӘЖІРИБЕЛІК ЗЕРТТЕУЛЕРДІ ДАМЫТУҒА АРНАЛҒАН ХАЛЫҚАРАЛЫҚ ВОРКШОП ӨТТІ — ҚазҰУ

ҚАЗҰУ-ДА ӘЛЕУМЕТТІК ЖҰМЫСТАҒЫ ТӘЖІРИБЕЛІК ЗЕРТТЕУЛЕРДІ ДАМЫТУҒА АРНАЛҒАН ХАЛЫҚАРАЛЫҚ ВОРКШОП ӨТТІ

23 қазан 2026
ҚАЗҰУ-ДА ӘЛЕУМЕТТІК ЖҰМЫСТАҒЫ ТӘЖІРИБЕЛІК ЗЕРТТЕУЛЕРДІ ДАМЫТУҒА АРНАЛҒАН ХАЛЫҚАРАЛЫҚ ВОРКШОП ӨТТІ

2026 жылғы 23 қазанда әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университетінде «Тәжірибелік зерттеу және өз қызметін саралайтын зерттеуші-мамандарды қалыптастыру» тақырыбында халықаралық ғылыми-тәжірибелік воркшоп өтті. Семинар профессорларды, оқытушыларды, зерттеушілерді, докторанттарды, магистранттарды және әлеуметтік сала мамандарын біріктіріп, ғылыми пікір алмасуға, зерттеу тәжірибесімен бөлісуге және әлеуметтік жұмысты дамытудың заманауи тәсілдерін талқылауға арналған орта қалыптастырды.

Іс-шара Философия және саясаттану факультетінің Әлеуметтану және әлеуметтік жұмыс кафедрасы мен әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университеті- Гонконг политехникалық университетінің Орталық Азиядағы тұрақты даму Орталығы ұйымдастыруымен өтті.

Гонконг политехникалық университетін іс-шара барысында Қолданбалы әлеуметтік ғылымдар бөлімінің басшысы, әлеуметтік жұмыс және криминология профессоры Эрик Винг Хонг Чуи; әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университеті- Гонконг политехникалық университетінің Орталық Азиядағы тұрақты даму Орталығының директоры профессор Хок Бун Ку; Қытай және жаһандық даму зерттеулер желісі директорының әріптестік және даму жөніндегі орынбасары доктор Ип Сиу Кан; Қолданбалы әлеуметтік ғылымдар бөлімінің оқытушысы және әлеуметтік жұмыс бойынша бакалавриат бағдарламасы жетекшісінің орынбасары доктор Альфа Лам таныстырды.

Воркшоп бағдарламасы әлеуметтік қызметкердің кәсіби тәжірибесін ғылыми зерттеудің негізіне айналдыру және алынған білімді әлеуметтік қызметтердің сапасын арттыру үшін пайдалану мәселесіне арналды. Бұл тақырыптың әлеуметтік жұмыс үшін маңызы ерекше. Мамандар күнделікті қызметінде күрделі өмірлік жағдайларға тап болып, адамның және отбасының мүддесін, ұйымның талаптарын және кәсіби жауапкершілікті қатар ескеруге тиіс.

Профессор Хок Бун Ку тәжірибелік зерттеудің әдіснамалық негіздерін таныстырды. Профессор зерттеу сұрақтарының тікелей кәсіби қызмет барысында туындауы мүмкін екенін және мамандар жинақтаған тәжірибенің жүйелі білім көзіне айналатынын түсіндірді.

Мұндай білімді қалыптастыруға ғалымдар, әлеуметтік қызметкерлер, ұйымдар, жергілікті қауымдастықтар және қызмет алушылар қатысады. Олардың өзара әрекеті өзекті мәселелерді нақты анықтауға, әлеуметтік бағдарламалардың нәтижелерін бағалауға және адамдардың шынайы қажеттіліктеріне сәйкес келетін шешімдер әзірлеуге мүмкіндік береді.

Доктор Альфа Лам талқылауды маманның кәсіби қызметін саралау тақырыбымен жалғастырды. Оның баяндамасында әлеуметтік қызметкердің өз әрекеттерін талдау, бастапқы болжамдарын тексеру және жаңа жағдайлар пайда болған кезде шешімін өзгерту қабілетіне назар аударылды. Қатысушылар жұмыс барысындағы саралау мен аяқталған жұмысты кейіннен талдаудың ерекшеліктерін қарастырды.

Аталмыш іс-шараның тәжірибелік бөлімі шұғыл баспанаға мұқтаж әке мен балаға қатысты оқу жағдайына негізделді. Қатысушылар баланың қауіпсіздігін қамтамасыз ету, отбасының бірге болу құқығын сақтау, әлеуметтік ұйымның ішкі ережелерін орындау және маманның кәсіби жауапкершілігін ескеру мәселелерін талқылады. Талқылау әлеуметтік саладағы әрбір жағдайға дайын шешім қолдану мүмкін емес екенін көрсетті. Сапалы көмек көрсету үшін кәсіби талаптарды білу, адамның пікіріне назар аудару, әлеуметтік жағдайды түсіну және қабылданған шешімді негіздей білу қажет. Кәсіби тәжірибені зерттеуде пайдалануға болатын деректерге де ерекше көңіл бөлінді. Қатысушылар қызмет алушылар туралы жазбаларды, қажеттіліктерді бағалау құжаттарын, жұмыс кездесулерінің хаттамаларын, оқиғалар туралы есептерді, кәсіби қолдау материалдарын, бақылау күнделіктерін және кері байланыс нысандарын қарастырды.Мұндай материалдарды жүйелі талдау әлеуметтік жұмыстың нәтижелерін бағалауға, шешім қабылдау үдерісін түсінуге және адамдардың, отбасылардың және қауымдастықтардың қажеттіліктеріне барынша сәйкес келетін кәсіби тәсілдерді анықтауға мүмкіндік береді.

Воркшоп ҚазҰУ мен Гонконг политехникалық университеті арасындағы ынтымақтастықтың тәжірибелік жалғасы болды. 2024 жылы құрылған әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университеті- Гонконг политехникалық университетінің Орталық Азиядағы тұрақты даму Орталығының өңір үшін өзекті мәселелерді зерттеу, жас ғалымдарды қолдау және кәсіби қызметке ғылыми негізделген тәсілдерді енгізу үшін екі университеттің ғылыми және білім беру мүмкіндіктерін біріктіреді.

Іс-шара барысында көтерілген мәселелер Орталық Азиядағы орнықты даму орталығы қызметінің мазмұнымен сабақтасты. Әлеуметтік жұмыста зерттеу мәдениетін дамыту мамандарды даярлау сапасын арттыруға, осал жағдайдағы адамдар мен отбасыларға көрсетілетін көмекті жетілдіруге және әлеуметтік ұйымдардың жауапкершілігін күшейтуге мүмкіндік береді. Осы тұрғыдан алғанда, воркшоп мазмұны Біріккен Ұлттар Ұйымының сапалы білім беру, теңсіздікті азайту, тиімді институттарды дамыту және халықаралық әріптестікті нығайтуға бағытталған Орнықты даму мақсаттарымен тікелей үндесті.

Халықаралық воркшоп ғылыми білім мен әлеуметтік жұмыстың нақты тәжірибесін біріктірді. Қатысушылар кәсіби тәжірибені зерттеудің толыққанды көзі ретінде қарастырып, осындай зерттеулердің нәтижелерін адамдарға, отбасыларға және жергілікті қауымдастықтарға көрсетілетін көмектің сапасын арттыру үшін пайдалану мүмкіндіктерін талқылады.