Қазақстаным – табиғат пен мәдени мұра өлкесі
2026 жылғы 21 қазанда “Экономика” кафедрасы «6В04109 – Цифрлық экономика» мамандығының 2-курс студенттерімен “25 қазан - Республика күніне” арналған Мерекелік іс-шара өткізілді.
25 қазан – Республика күні – Қазақстанның мемлекеттілігі мен тәуелсіздік жолындағы тарихи маңызын айқындайтын ерекше мереке. Бұл күн еліміздің бірлігін, ұлттық құндылықтарын, бай тарихы мен болашаққа деген сенімін дәріптейді. Қазақстан – кең байтақ даласы, асқар таулары, өзен-көлдері, ерекше табиғи аймақтары және ғасырлар бойы қалыптасқан мәдени мұрасы бар мемлекет. Табиғат пен мәдени құндылықтар – халқымыздың ортақ байлығы әрі ұлттық бірегейлігіміздің маңызды бөлігі.
Республика күніне арналған іс-шараның мақсаты – студенттердің отансүйгіштік сезімін арттыру, Қазақстанның тарихы, табиғаты мен мәдени мұрасы туралы білімін кеңейту, ел жетістіктеріне құрметпен қарауға және ортақ құндылықтарды сақтауға шақыру. Іс-шара Біріккен Ұлттар Ұйымының Тұрақты даму мақсаттарымен (ТДМ) сабақтастырылады. Атап айтқанда, ТДМ 3 – «Жақсы денсаулық және әл-ауқат», ТДМ 4 – «Сапалы білім», ТДМ 5 – «Гендерлік теңдік», ТДМ 6 – «Таза су және санитария», ТДМ 11 – «Тұрақты қалалар мен елді мекендер», ТДМ 17 – «Тұрақты даму жолындағы серіктестік».
Республика күні – Қазақстанның ең маңызды ұлттық мерекелерінің бірі. Ол жыл сайын 25 қазанда атап өтіледі. 1990 жылы 25 қазанда Қазақ КСР-інің мемлекеттік егемендігі туралы Декларация қабылданды. Бұл оқиға еліміздің тәуелсіздікке қарай жасаған маңызды қадамы болды.
Алайда 2009 жылы бұл мерекені атап өту тоқтатылды. 2022 жылы Республика күні қайта жаңғыртылып, ұлттық мереке мәртебесі қайтарылды. Осылайша, 13 жылдық үзілістен кейін 25 қазан еліміздің ұлттық мерекесі ретінде қайта тойлана бастады. Бұл шешім Қазақстанның мемлекеттілік тарихына деген құрметті арттырып, халықтың ұлттық рухы мен бірлігін нығайтуға бағытталды.
Республика күні – еліміздің егемендігін, бірлігі мен тәуелсіздігін білдіретін мереке. Бұл күн әрбір қазақстандыққа Отанын сүюді, ел тарихын құрметтеуді және болашаққа сеніммен қарауды еске салады. Сондықтан Республика күні – халқымыз үшін ерекше маңызы бар мереке.
Іс-шара кезінде Қазақстанның табиғи байлықтары мен көрікті жерлері туралы мәліметтер беріліп, Алтай мен Тянь-Шань таулары, Көлсай көлдері, Шарын шатқалы, Балқаш көлі және кең байтақ дала сияқты табиғи нысандардың маңызы атап өтіледі. Сонымен қатар тарихи-мәдени мұралар, соның ішінде Түркістандағы Қожа Ахмет Ясауи кесенесі, Тамғалы петроглифтері, көне Отырар қаласы, ұлттық музыка, домбыра, қолөнер, салт-дәстүр мен қазақ халқының қонақжайлығы туралы айтылады. Бұл құндылықтарды қорғау – ел тарихына құрмет көрсетудің және келешек ұрпақ алдындағы жауапкершіліктің белгісі.
Іс-шара барысында студенттер табиғи ортаны қорғау, суды және энергияны үнемдеу, қалдықтарды азайту, тарихи орындарға ұқыпты қарау және мәдени мұраны сақтау жөніндегі маңызды ойлармен бөліседі. Сондай-ақ Қазақстанның дамуына білімнің, ғылымның, инновацияның, тең мүмкіндіктердің, қоғамдық келісімнің және жауапты азаматтық ұстанымның қосатын үлесі қарастырылады. Республика күні жастарға туған жерін қадірлеудің, ел жетістіктеріне үлес қосудың және Қазақстанның болашағына жауапкершілікпен қараудың маңызын еске салады.
Іс-шараны ұйымдастырушылар: Есенгазиева С.Р., Тураров Д.Р., Иляшова Г.К., Сырбек П.