25 қазан Республика күні – бір ел, бір халық, бір болашақ
Әл-Фараби атындағы ҚазҰУ-і, Тарих факультеті, «Қазақстан тарихы» кафедрасының профессоры, тарих ғылымдарының докторы Болат Сайланның ұйымдастыруымен Тұрақты даму мақсаттары бағдарламасы – «Сапалы білім беру» бағыты аясында іс-шара өтіп, Ұлттық қауіпсіздік комитеті шекара қызметкерлерінің Алматы облыстық департаменті сарбаздарына «25 қазан Республика күні – бір ел, бір халық, бір болашақ» тақырыбында қоғамдық білім беруге арналған дәріс оқыды.
Дәріс оқушы «Қазақстан тарихы» кафедрасының профессоры, тарих ғылымдарының докторы Болат Сайлан: «КСРО сияқты алып мемлекеттің есеңгірей бастаған тұсында 1990 жылы 25 қазанда Қазақстан өзінің мемлекеттік егемендігі туралы Декларация қабылдады. Егемендік алу Қазақстанда жалпы демократиялық процестердің барысын шапшаңдатты. 25 қазан 2001 жылы мемлекеттік мерекелер тізіміне енгізілді. Алайда, кейінірек 2009 жылы ол мемлекеттік мерекелер тізімінен шығарылды.
2022 жылы Президент Қасым-Жомарт Тоқаев бұл мерекенің ұлттық мәртебесін қалпына келтірді. Мемлекет Басшысы Республика күні ұлттық мереке ретінде атап өтілуі тиіс дей келе: «Ұлттық мерекелер мен атаулы күндер тізбесіне бірқатар өзгеріс енгізген жөн. Мен Республика күніне ұлттық мереке мәртебесін қайтаруды ұсынамын. Сондықтан қазанның жиырма бесі күні жыл сайын Егемендік күнін еліміздің басты мерекесі ретінде атап өтуіміз керек. 1990 жылы 25 қазанда Қазақстанның егемендігі туралы декларация қабылданды. Бұл еліміздің тәуелсіздік жолындағы тұңғыш қадамы болатын, – деп айтқан мемлекет басшысының сөзінің мәнін сарбаздарға салиқалы түрде түсіндірді.
Нәтижесінде, 25 Қазан Республика күні – ұлттық мереке болып белгіленді» – деген сөздерімен және тұжырымды ойларымен аяқтады. Іс-шара соңында сарбаздардың Отан сүюге деген сүйіспеншіліктері оянып, тағы да осындай лидерлік дәрістер жалғасын тапса деген ойлар айтылып, фотоларға түсумен жалғасты.

