«Дұрыс тамақтану мәдениеті» тақырыбында танымдық семинар өтті
Әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университетінің Жоғары оқу орнына дейінгі білім беру факультеті, Жоғары оқу орнына дейінгі дайындық кафедрасында тыңдаушылардың денсаулық мәдениетін қалыптастыру және салауатты өмір салтын насихаттау мақсатында «Дұрыс тамақтану мәдениеті» тақырыбында танымдық семинар ұйымдастырылды.
Іс-шара Біріккен Ұлттар Ұйымының Тұрақты даму мақсаттарының 3-мақсаты – «Жақсы денсаулық және әл-ауқат» және 4-мақсаты – «Сапалы білім» бағыттарымен үндеседі.
Семинар барысында дұрыс әрі теңгерімді тамақтанудың адам ағзасына әсері, дәрумендер мен минералдардың маңызы, күнделікті тамақтану тәртібі және денсаулықты сақтаудың тиімді жолдары кеңінен талқыланды. Сонымен қатар пайдалы тағамдарды таңдау, тағам құрамына назар аудару және зиянды тамақтану әдеттерінің алдын алу мәселелеріне ерекше көңіл бөлінді.
Іс-шараның тәжірибелік бөлімінде тыңдаушылар тағам өнімдері бейнеленген арнайы карточкалармен жұмыс жасап, пайдалы азық-түліктерді ажыратуға бағытталған интерактивті тапсырмаларды орындады. Бұл жұмыс қатысушылардың белсенділігін арттырып, алған теориялық білімдерін тәжірибеде бекітуге мүмкіндік берді.
Семинар соңында қатысушылар дұрыс тамақтанудың денсаулықты нығайтудағы рөлі туралы ой бөлісіп, күнделікті өмірде пайдалы әдеттерді қалыптастырудың маңыздылығын атап өтті.
Мұндай танымдық іс-шаралар жастардың денсаулыққа жауапкершілікпен қарауына, саналы тамақтану мәдениетін меңгеруіне және салауатты өмір салтын ұстануына ықпал етеді.
Басқа жаңалықтар