Жолдау және университеттің білім мен ғылымдағы рөлі — ҚазҰУ

Жолдау және университеттің білім мен ғылымдағы рөлі

29 қазан 2026
Жолдау және университеттің білім мен ғылымдағы рөлі

Президент Қасым-Жомарт Тоқаевтың Жолдауында білім мен ғылымның дамуы елдің технологиялық жаңғыруымен сабақтастырыла қарастырылады. Университет қауымдастығы үшін бұл сабақтастықтың мәні терең. Бүгін біз маман даярлаумен қатар, жаңа технологиялар адамның ойлауына, білім алуына және кәсіби жауапкершілігіне қалай ықпал ететінін де зерделеп келеміз.

      Жолдаудағы «Ұстаздардың жасанды интеллект технологиясын меңгеру дағдысын да қалыптастыру керек болады» деген пікір осы тұрғыдан маңызды. Педагогтің бұл саладағы құзыреті цифрлық құралды қолданумен шектелмейді. Ол технологияның қай жағдайда білім алушының ізденісін тереңдететінін, ал қай кезде оның дербес ойлауын әлсіретуі мүмкін екенін ажырата білуді қамтиды. Сондықтан жасанды интеллектіні білім беруге енгізу оқыту әдістемесін, тапсырмалардың мазмұнын және білімді бағалау тәсілдерін өзара байланыстыра қарастыруға мүмкіндік береді.

     Тілдік білім беру саласында бұл өзгерістер ерекше сезіледі. Жасанды интеллект мәтін құрастырып, аударма жасап, тілдік қателерді түзете алады. Ал мәтіндегі мәдени мағынаны түсіну, дерекке сыни қарау, өз ұстанымын дәлелдеу және өзге көзқараспен санаса білу жүйелі білім мен қарым-қатынас тәжірибесі арқылы қалыптасады. Осы тұста тіл білімі, педагогика және медиасауаттылық зерттеулерінің ортақ мәселелері айқындала түседі.

   Жолдауда «ғылым, білім және инновация саласын басқару тәсілдерін өзара байланыстыру өте маңызды» деп атап өтілген. Мен бұл ойды университеттегі зерттеу мен оқыту арасындағы байланысты нығайту мүмкіндігі ретінде қабылдаймын. Зерттеу нәтижесі оқу бағдарламасына, педагогикалық тәжірибеге немесе сапалы қазақтілді білім ресурсына ұласқанда, оның қоғамдық маңызы да нақты көрінеді. Гуманитарлық ғылымдардың үлесі осы үдерісте адамның тілі, мәдениеті мен танымына қатысты терең білім ұсынуымен құнды.

     Алдағы жұмыста осындай пәнаралық ізденістердің орны арта түседі деп ойлаймын. Университеттердің мектептермен және халықаралық ғылыми әріптестермен мазмұнды ынтымақтастығы жаңа тәсілдерді зерттеп, тәжірибеде тексеруге жағдай жасайды. Біздің кәсіби үлесіміз де – осы өзгерістерді ғылыми тұрғыдан зерделеп, білім беру тәжірибесіне байыппен ұштастыру.

 

Перизат Елубаева

Әл-Фараби атындағы ҚазҰУ

Түркітану және тіл теориясы кафедрасының

профессоры міндетін атқарушы