«Кітап оқитын ұлт» – білім мен руханиятты тоғыстырған игі бастама
2026 жылғы 27 қазанда әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университетінде Біріккен Ұлттар Ұйымының Тұрақты даму мақсаттарының (ТДМ) 4-мақсаты – «Сапалы білім беру» бағыты аясында «Кітап оқитын ұлт» атты мәдени-ағартушылық кітап жәрмеңкесі ұйымдастырылды.
Қазақстан Республикасының Президенті Қасым-Жомарт Кемелұлы Тоқаев Ұлттық құрылтайдың үшінші отырысында: «Біз, ең алдымен, жастарды кітап оқуға баулуымыз керек. Сонда жаппай кітап оқитын ұлтқа айналамыз», – деп, қоғамда кітап оқу мәдениетін қалыптастырудың маңыздылығына ерекше тоқталған болатын.
Мемлекет басшысы көтерген бастамамен үндескен бұл мәдени-ағартушылық шара аясында отандық «Qasym Kitap» және «Отбасы хрестоматиясы» баспаларының философиялық, көркем әдеби, тарихи, психологиялық және рухани-танымдық бағыттағы кітаптары көпшілік назарына ұсынылды. Жәрмеңке қатысушыларға отандық баспалардың мазмұнды еңбектерімен танысып, өздерінің танымдық және зияткерлік қызығушылықтарын кеңейтуге мүмкіндік берді.
Іс-шараны ұйымдастыруға және өткізуге төмендегі азаматтар атсалысты:
- Балтымова Мира Рашидқызы – филология ғылымдарының кандидаты, қауымдастырылған профессор;
- Жамашев Азамат Шұтбайұлы – философия докторы (PhD), қауымдастырылған профессор;
- Еркебұланұлы Рамазан – әл-Фараби атындағы ҚазҰУ докторанты;
- Қадыр Ілияс – әл-Фараби атындағы ҚазҰУ докторанты.
Ұлы ойшыл Әбу Насыр әл-Фарабидің есімін иеленген білім ордасында өткен бұл тағылымды шара жастар арасында кітап оқу мәдениетін дамытуға, сыни және аналитикалық ойлау қабілетін жетілдіруге, сондай-ақ сапалы білімге деген қызығушылықты арттыруға бағытталды.
Аталған бастама БҰҰ-ның Тұрақты даму мақсаттарының 4-мақсатына сәйкес сапалы білім беруді, өмір бойы білім алу мүмкіндіктерін насихаттауды және зияткерлік әлеуеті жоғары қоғам қалыптастыруды көздейді.
Кітап – парасатқа бастар жол, білім – кемел келешектің кепілі!
Кітап оқитын ұлт – ойлайтын ұлт. Ал ойлайтын ұлт өз болашағын біліммен, парасатпен және рухани құндылықтармен қалыптастырады!