- Басты бет
- Жаңалықтар
- Әл-Фараби атындағы ҚазҰУ-де жас зерттеушілерге арналған қысқы ғылыми-білім беру мектебі өтті
Әл-Фараби атындағы ҚазҰУ-де жас зерттеушілерге арналған қысқы ғылыми-білім беру мектебі өтті
2026 жылғы 29 қазанда әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университетінің химия және химиялық технология факультетінде «Жас зерттеушілерге арналған жасанды интеллект, заманауи технологиялар және халықаралық мүмкіндіктер» атты қысқы ғылыми-білім беру мектебі өтті. Іс-шараны химиялық физика және материалтану кафедрасы ұйымдастырды. Мектеп гибридті форматта — ЗЗУС аудиториясында және онлайн режимде өткізілді.
Мектеп бағдарламасы жасанды интеллектіні ғылыми зерттеулер мен химиялық өндірісте қолдануға, энергетикалық материалдарды зерттеуге және студенттер мен жас ғалымдардың цифрлық құзыреттерін дамытуға арналды. Дәрістерді Қазақстан, Қытай және Ұлыбританияның ғылыми және білім беру ұйымдарымен байланысты мамандар ұсынды.
Алғашқы дәрісті Бейжің мұнай-химия технологиялары институтының (Қытай) және Лидс университетінің (Ұлыбритания) профессоры Xue Z. Wang «AI-Powered PAT and Simulation Enabling Intelligent Manufacture of Particulate Speciality Chemicals» тақырыбында оқыды. Ол жасанды интеллект, процестерді аналитикалық бақылау технологиялары (PAT) және модельдеудің арнайы химиялық өнімдердің бөлшекті түрлерін өндіруді интеллектуалды басқарудағы мүмкіндіктерін қарастырды.
Келесі дәрісті Цзянхань университетінің (Ухань, Қытай) профессоры, Precision Blasting мемлекеттік негізгі зертханасы жанындағы Blasting Devices институтының директоры әрі ҚазҰУ-дің шақырылған профессоры Xuwen Liu ұсынды. «The Path of My Research and the Art of Energetic Materials» атты баяндамасында ол өзінің ғылыми жолы мен энергетикалық материалдарды зерттеудің ерекшеліктерін таныстырды.
Үшінші дәрісті химиялық физика және материалтану кафедрасының PhD дәрежесі бар оқытушысы Баян Қайдар «Қазіргі зерттеуші мен студент жұмысындағы жасанды интеллект: заманауи құралдар, жаңа дағдылар және практикалық сценарийлер» тақырыбында өткізді. Дәріс барысында ғылыми және білім беру қызметінде ЖИ құралдарын қолданудың практикалық мүмкіндіктері талқыланды.
Қысқы мектеп ғылыми тәжірибе алмасуға, халықаралық академиялық байланыстарды нығайтуға және жас зерттеушілердің заманауи технологияларға қызығушылығын арттыруға бағытталды. Іс-шара сапалы білім беру (ТДМ 4) және индустрия, инновациялар мен инфрақұрылым (ТДМ 9) бағыттарымен үндеседі.
Нажипқызы М.
Басқа жаңалықтар