- Басты бет
- Жаңалықтар
- Мектеп пен ғылым сабақтастығы: тарих факультеті Алматы қаласындағы №123 гимназияда кәсіптік бағдар беру кездесуін өткізді
Мектеп пен ғылым сабақтастығы: тарих факультеті Алматы қаласындағы №123 гимназияда кәсіптік бағдар беру кездесуін өткізді
Мамандық таңдау - әрбір мектеп бітіруші түлектің өміріндегі маңызды әрі жауапты кезең. Жоғары сынып оқушыларына дұрыс бағыт-бағдар беру және гуманитарлық ғылымдардың заманауи мүмкіндіктерін таныстыру мақсатында тарих факультетінің өкілдері Алматы қаласындағы №123 гимназияға арнайы барып, мазмұнды кәсіптік бағдар беру кездесуін өткізді.
Бұл іс-шараны Дүниежүзі тарихы, тарихнама және деректану кафедрасы ұйымдастырды. Университет делегациясының құрамында кафедра меңгерушісі Рыскелді Саламатқызы Мырзабекова, доцент Қайыркен Құнапина және деканның әлеуметтік-тәрбие жұмысы жөніндегі орынбасары Мұхтар Амантайұлы Ходжабай болды.
Жоғары сынып оқушыларымен кездесу ашық диалог және қызықты пікір алмасу форматында өтті.
Жиынды ашқан кафедра меңгерушісі Рыскелді Саламатқызы Мырзабекова бүгінгі күндегі тарихи білімнің рөлі мен миссиясына тоқталды. Ол қазіргі заманғы тарихшы тек архив құжаттарын зерттеуші ғана емес, сонымен бірге сыни ойлау жүйесі қалыптасқан, деректанулық сараптама мен ақпараттық талдауды терең меңгерген білікті маман екенін атап өтті.
Кафедра доценті Қайыркен Құнапина білім беру бағдарламаларының ерекшеліктері, ғылыми-зерттеу бағыттары, өндірістік тәжірибе және академиялық ұтқырлық бағдарламалары жайында кеңінен баяндады. Оқушылар кафедрада оқу барысында қандай пәнаралық дағдылар қалыптасатынын және түлектердің талдау орталықтары, медиа саласы, дипломатиялық қызметтер мен ғылыми-мәдени мекемелердегі еңбек жолдары туралы мол мағлұмат алды.
Деканның әлеуметтік-тәрбие жұмысы жөніндегі орынбасары Мұхтар Амантайұлы Ходжабай факультет пен университеттегі студенттік өмірдің тыныс-тіршілігіне тоқталды. Студенттер үйіндегі қолайлы жағдайлар, кампустағы заманауи қауіпсіздік жүйесі, студенттік өзін-өзі басқару ұйымдары, ғылыми үйірмелер, зияткерлік сайыстар мен спорттық шаралар кеңінен таныстырылды.
Кездесу барысында оқушылар ҰБТ шекті баллдары, бейінді пәндер, мемлекеттік гранттарды иелену тетіктері туралы сұрақтар қойып, нақты жауаптар алды. Мұндай іс-шаралар түлектерге болашақ бағытын сенімді таңдауға жол ашып, мектеп пен университет арасындағы алтын көпірді нығайта түсері сөзсіз.
Басқа жаңалықтар