- Басты бет
- Жаңалықтар
- Түріктану және шығыс елдерінің тарихы кафедрасының оқытушылары Алматыда Түркия Республикасының 103 жылдығына арналған мерекелік іс-шараға қатысты
Түріктану және шығыс елдерінің тарихы кафедрасының оқытушылары Алматыда Түркия Республикасының 103 жылдығына арналған мерекелік іс-шараға қатысты
29 қазанда Түріктану және шығыс елдерінің тарихы кафедрасының оқытушылары Түркия Республикасының жарияланғанына 103 жыл толуына арналған салтанатты іс-шараға қатысты. Мерекелік жиын Түркия Республикасының Алматы қаласындағы Бас консулы Туба Федакар ханымның шақыруымен өтті.
Салтанатты іс-шараға Қазақстан Республикасының мемлекеттік органдарының өкілдері, дипломатиялық және консулдық корпус мүшелері, түрік қауымдастығының, іскерлік ортаның өкілдері және басқа да құрметті қонақтар қатысты. Олардың қатарында Алматы қаласының прокуроры Серік Карипбеков және Қазақстан Республикасы Сыртқы істер министрлігінің Алматы қаласындағы өкілінің орынбасары Рашид Еришев болды.

Мерекелік бағдарлама аясында Түркия Республикасы Президентінің бейнеүндеуі көрсетілді. Кешке Түркияның Мәдениет және туризм министрлігі жанындағы «Анкара» Түркі әлемі музыка және би ансамблінің концерті мен «Bahar Ensemble» фольклорлық би ұжымының өнер көрсетуі ерекше сән берді. Музыкалық және би қойылымдары қонақтарға Түркияның бай ұлттық мәдениеті мен дәстүрлерін кеңінен таныстырды.
Қонақтарға арнаған сөзінде Бас консул Туба Федакар Қазақстан мен Түркия арасындағы тарихи, мәдени және дипломатиялық байланыстардың маңыздылығын атап өтті. Ол екі бауырлас мемлекеттің қарым-қатынасы достыққа, өзара құрметке және көпжылдық ынтымақтастыққа негізделгенін ерекше атап көрсетті.
Кафедра оқытушыларының аталған іс-шараға қатысуы академиялық, мәдени және кәсіби байланыстарды нығайтуға, дипломатиялық корпус пен іскерлік орта өкілдерімен өзара ықпалдастықты кеңейтуге, сондай-ақ Қазақстан мен Түркия арасындағы ғылым, білім және мәдениет салаларындағы ынтымақтастықты одан әрі дамытуға мүмкіндік берді.
Кафедра оқытушылары Түркия Республикасының Алматы қаласындағы Бас консулы Туба Федакар ханымға және Бас консулдық ұжымына шақыруы, жылы қабылдауы және қазақстандық-түркиялық ғылыми, мәдени және білім беру байланыстарын дамытуға көрсетіп отырған тұрақты қолдауы үшін шынайы алғысын білдіреді.
Мерекелік кеш барысында Қазақстан Республикасының күніне орай да құттықтау сөздер айтылып, Қазақстан мен Түркия арасындағы достықтың, бауырластықтың және стратегиялық серіктестіктің одан әрі нығая беруіне ізгі тілектер білдірілді.
ф.ғ.к., профессор м.а. Э. З. Дулаева