ҚазҰУ-дың ғылыми әлеуеті ірі биотехнологиялық өндіріске енгізіледі — ҚазҰУ

ҚазҰУ-дың ғылыми әлеуеті ірі биотехнологиялық өндіріске енгізіледі

3 қараша 2026
ҚазҰУ-дың ғылыми әлеуеті ірі биотехнологиялық өндіріске енгізіледі

Әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университетінде биотехнология саласындағы үш ірі компания – Hulunbuir Northeast Fufeng Biotechnology Co., Ltd., «SHENGTAI BIOTECH CO., Ltd» ЖШС және Fufeng Group Limited өкілдерімен кездесу өтті. Келіссөздер нәтижесінде тараптар бірлескен ғылыми-зерттеу жұмыстарын дамытуға бағытталған меморандумдарға қол қойды.

Кездесуге Fufeng Group компаниялар тобының ғылыми-зерттеу қызметі жөніндегі директоры Ван Цзюньчэн, ғылыми-зерттеу қызметін басқару орталығының бас директоры Лю Юаньтао және орталық басшысы Ли Шубяо қатысты. «SHENGTAI BIOTECH CO., Ltd» ЖШС атынан зерттеулер мен әзірлемелер бөлімінің жобалар жетекшісі Тумар Шэнтай және кадрлар бөлімінің бастығы Жоламан Бақыт болды.

Fufeng Group Қазақстанда жүгеріні терең өңдеуге бағытталған ауқымды инвестициялық жобаны жүзеге асыруда. 2025 жылғы сәуірде Жамбыл облысында «SHENGTAI BIOTECH CO., Ltd» ЖШС зауытының құрылысы басталған болатын. Облыс әкімдігінің мәліметінше, инвестиция көлемі шамамен 420 млрд теңгені құрайды. Кәсіпорын алғашқы кезеңде жылына 500 мыңнан 1 млн тоннаға дейін жүгері өңдемек. Кейін өндірістік қуатты 3 млн тоннаға дейін арттыру көзделген.

Өндіріс ошағында жүгері шикізатынан аминқышқылдары, крахмал және глюкоза өндіріледі. Атап айтқанда лейцин, валин, изолейцин, глутамин және цитруллин алу қарастырылған. Өңдеу қалдықтары жануарларға арналған жем өндіруге жұмсалады. Кәсіпорын толық іске қосылғаннан соң, 1500 жаңа жұмыс орнын ашу жоспарланған.

Бұл бастама университет пен өндіріс орындары арасындағы ғылыми байланысты нығайтуға бағытталған. Бірлескен зерттеулер аясында ҚазҰУ ғалымдары мен компания мамандары жүгеріні терең өңдеу технологияларын әзірлеуге, аминқышқылдарын алу және шикізатты тиімді пайдалану тәсілдерін жетілдіруге басымдық береді. Ғылыми нәтижелерді тәжірибеде сынақтан өткізіп, кейін өндірістік үдеріске енгізеді.

Сондай-ақ меморандумдар шеңберінде университет базасында мамандандырылған зертхана ашу жоспарланған. Серіктестіктің басты мақсаты – ҚазҰУ-дың ғылыми әзірлемелерін өндіріс қажеттіліктерімен ұштастырып, биотехнология саласында практикалық қолданыс табатын нәтижелерге қол жеткізу.

Әл-Фараби атындағы ҚазҰУ Баспасөз қызметі