- Басты бет
- Жаңалықтар
- ҚазҰУ-да ислам теологиялық ойының даму перспективаларына арналған көшбасшылық дәріс өтті
ҚазҰУ-да ислам теологиялық ойының даму перспективаларына арналған көшбасшылық дәріс өтті
Тұрақты даму мақсаттары (ТДМ): 4-мақсат — «Сапалы білім».
2026 жылғы 5 қарашада әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университетінің Философия және саясаттану факультеті, Дінтану және мәдениеттану кафедрасының ұйымдастыруымен «Ислам теологиялық ойының даму перспективалары» тақырыбында көшбасшылық дәріс өтті.
Іс-шараға Ресей Федерациясы Мұсылмандары діни басқармасы төрағасының бірінші орынбасары, Мәскеу ислам институтының ректоры, Санкт-Петербург мемлекеттік университеті Исламды зерттеу орталығының директоры, теология ғылымдарының докторы, профессор Дамир Ваисович Мухетдинов арнайы шақырылып, дінтану және исламтану мамандықтарының 1-курс студенттерімен кездесті.
Дәріс барысында ислам теологиясының қалыптасуы мен тарихи даму ерекшеліктері, қазіргі кезеңдегі теологиялық ойдың негізгі бағыттары және оның даму перспективалары кеңінен қарастырылды. Сонымен қатар қазіргі қоғамдағы ислам теологиясының орны, діни білімнің маңыздылығы және теологиялық зерттеулердің өзекті мәселелері талқыланды.
Іс-шара барысында студенттер ислам теологиясының ғылыми негіздері, оның қазіргі заман жағдайындағы даму үрдістері, исламдық білім беру жүйесі мен теологиялық зерттеулердің маңызы туралы құнды мәліметтер алды. Профессор Дамир Мухетдинов өзінің ғылыми және кәсіби тәжірибесімен бөлісіп, ислам теологиясын зерттеудің академиялық маңыздылығына тоқталды.
Кездесу ашық пікір алмасу форматында өтіп, студенттер өздерін қызықтырған сұрақтарын қойып, белгілі ғалыммен тікелей пікір алмасуға мүмкіндік алды. Дәріс болашақ дінтанушылар мен исламтанушылардың теориялық білімдерін тереңдетіп, ғылыми дүниетанымын кеңейтуге және кәсіби қызығушылығын арттыруға ықпал етті.
Аталған іс-шара Біріккен Ұлттар Ұйымының Тұрақты даму мақсаттарының 4-мақсаты — «Сапалы білім» қағидаттарымен үндесіп, жоғары білім беру сапасын арттыруға, ғылыми ізденісті дамытуға және діни-теологиялық білім саласындағы академиялық байланысты нығайтуға бағытталды.
Іс-шараны ұйымдастырушылар: Философия және саясаттану факультеті, Дінтану және мәдениеттану кафедрасы.
Басқа жаңалықтар