«Тұрақты даму: мұра мен болашақ» — ҚазҰУ

«Тұрақты даму: мұра мен болашақ»

5 қараша 2026
«Тұрақты даму: мұра мен болашақ»

 

 

Қайранбай Т.Ж., Жолдубаева А.К., Балтымова М.Р.

Әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университеті

Дінтану және мәдениеттану кафедрасы

 

Ұлттық музейде интерактивті ізденіс форматындағы іс‑шара өтті

2026 жылдың 5 қарашасында Қазақстан Республикасы Ұлттық орталық музейінде Тұрақты даму мақсаттарына сәйкес «Тұрақты даму: мұра мен болашақ» тақырыбында интерактивті ізденіс форматындағы білім беру іс‑шарасы өтті. Жобаның ұйымдастырушылары қатарында әл‑Фараби атындағы Қазақ ұлттық университеті студенттері де болды.

Іс‑шараның басты мақсаты – студенттерге тұрақты даму принциптерін дәстүрлі мәдени мұра контекстінде практикалық тұрғыдан меңгерту. Дәстүрлі лекциялық форматтан айырмашылығы, бұл іс‑шара студенттердің музей кеңістігіндегі экспонаттармен тікелей жұмыс істеуіне, деректерді өз бетінше іздеп, салыстырып, қорытынды жасауға негізделді.

Ізденіс жұмысының бағыттары мен мазмұны

Студенттер музей залдары бойынша арнайы дайындалған маршрутпен жүріп, әр бекетте нақты зерттеу тапсырмаларын орындады. Ізденіс бағыттары мыналарды қамтыды:

  • Мұра және оның болашағы – музейдегі дәстүрлі бұйымдар (киіз, тоқыма, ыдыс‑аяқ) арқылы ұлттық мәдени мұраны сақтаудың маңызын ашу және оны заманауи тұрақты даму мәселелерімен байланыстыру; 

  • Тұрақты тұтыну моделдері – көне қолөнер бұйымдарының ұзақ мерзімді пайдалану тәжірибесін заманауи «үнемді» тұтыну мәдениетімен салыстырмалы талдау; 

  • Экологиялық сана және табиғи материалдар – экспонаттардағы табиғи шикізаттың экологиялық артықшылықтарын анықтау және олардың бүгінгі күн үшін маңыздылығын түсіндіру; 

  • Жауапты болашаққа бағдар – Тұрақты даму мақсаттары (ТДМ) аясында экспонаттар мысалында сапалы білім, тұрақты қалалар мен табиғатты қорғау мәселелерін практикалық талдау.

Қатысушылардың жұмыс нәтижелері мен әсері

Ізденіс сабағына 3 студент қатысты. Студенттер бұл форматтың білімді терең меңгеруге, тарихи‑мәдени контекст пен заманауи мәселелер арасындағы байланысты нақтырақ көруге мүмкіндік беретінін атап өтті.

«Бұл жұмыс барысында біз экспонатты жай ғана көріп қана қоймай, оның технологиясын, мағынасын, қолданылуын зерттеп, оны тұрақты дамудың нақты мысалдарымен салыстырдық. Мұндай практика пәндік білімді нақтылана түседі және есте сақтауға ыңғайлы болады», – деп бөлісті іс‑шараға қатысқан студенттердің бірі.

Тұрақты даму және мәдени мұра: ғылыми және практикалық байланыс

Іс‑шара ұйымдастырушылары басты акцент жасаған ой: мәдени мұра – тұрақты дамудың ажырамас бөлігі. БҰҰ‑ның 2030 жылға дейінгі күн тәртібіндегі ТДМ‑ның бірнеше мақсаты тікелей осы қағидатқа негізделген: 

  • 4‑мақсат (сапалы білім) – мұра туралы білімді насихаттау және оны жастарға тиімді жеткізу;

  • 11‑мақсат (тұрақты қалалар мен қауымдастықтар) – мәдени ортаны сақтап, дамыту және оны қазіргі қоғамға интеграциялау;

  • 12‑мақсат (жауапты тұтыну және өндіріс) – дәстүрлі қолөнердегі табиғи материалдар мен үнемді өндірістің тәжірибесін заманауи өмірге енгізу.

Қазақстан контекстінде бұл байланыс ерекше маңызды: ұлттық мәдениетіміздің басты қазынасы – киіз үй, киізден жасалған бұйымдар, қолөнер – табиғатпен үйлесімді өмір сүрудің ғасырлар бойы жинақталған тәжірибесін сақтап келеді. Демек, дәстүрлі мәдениетті зерттеу мен насихаттау – тұрақты даму идеяларын қолдаудың нақты жолы.

Қорытынды

Іс‑шара соңында студенттер өз рефлексияларын жазып, тұрақты дамуды күнделікті тәжірибеге енгізудің нақты қадамдарын ұсынды: ресурстарды үнемдеу, қайта өңдеу, жергілікті қолөнерді қолдау және мәдени мұраны құжаттау.

Әл‑Фараби атындағы ҚазҰУ мұндай интерактивті форматтарды болашақта да дамытатын болады: университет пен Ұлттық музейдің ынтымақтастығы студенттердің музейлік кеңістіктегі ғылыми‑зерттеу жұмыстарын тереңдету бағытында дамуын жалғастырады.