Зерттелген қаланың ақиқаты — ҚазҰУ

Зерттелген қаланың ақиқаты

9 қараша 2026
Зерттелген қаланың ақиқаты

        Әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университетінің Филология кафедрасында әлем әдебиеті мен көркем аударма саласын терең ұштастырған маңызды рухани кездесу өтті. Жиынның басты қонағы – белгілі аудармашы, қара шаңырақтың түлегі Райма Ауесхан болып,  «Марко Полоның саяхаты» атты кітаптың қазақ тіліндегі басылымы туралы кең көлемді түсіндірме жасап, құнды ақпараттар берді. Университет қабырғасында өткен бұл мазмұнды кездесу студенттер, магистранттар және докторанттар арасындағы өте тартымды сұрақ-жауап алмасу форматына ұласып, жас зерттеушілердің тарихи-этнографиялық еңбектерге деген қызығушылығын айқын көрсетті. Шара барысында Қазақ филологиясы мамандығының 2-курс магистранты Қалиханова Гүлай Әділханқызы аталмыш туындыға арналған терең мазмұнды ғылыми-әдеби рецензиясын оқып берді. Төменде ұсынылып отырған осы салмақты еңбек Марко Полоның жазбалары мен Райма Ауесханның шебер тәржімасын тарихи,этнографиялық, діни және салыстырмалы-мәдени тұрғыдан жан-жақты талдап, оқырман назарына қазақ, орыс және ағылшын тілдерінде ұсынылып отыр.

         

     Әлем әдебиетіне алғашқы адымым. Күллі кеңістіктің кереметі туралы ақпаратты алатыным мен табатыным сөзсіз деген сеніммен, толқыныс пен қорқынышпен қолыма алдым.  Кітаптың мұқаба тұғырында қазақ қызының есімі жазылып тұрғанына, Қазақ тәжірибесінде Еуропалық еңбектің  тәржімалануына тәнті болдым. Аталмыш аударма мәдениет пен әдебиет көгінен қазақтың көк туын тағы бір мәрте желбіретті. Әлемдік әдебиеттің қолжетпесін, ой жетпесін не тіл жетпесін, қазаққа қолжетімді, тілін жеңіл де жеткілікті қалыпта әкеп қосты. Яғни қазақтың қанжығасында тағы бір айтары бар еңбек. Кіріспе бөлімінің тартылыс күші кітап соңындағы түсіндірме сөздікті қоса алғанға дейін бір деммен оқып шығуға демеу болды. Кіріспеде кідіріп қалмай «бұл қандай саяхат екен» деген сұрағымның жауабын іздемекке көштім. Саяхат дегенде ұшаққа мініп, әуежайлар арасында әбіргер боп, шет елдің шебер көрінісіне куә боп, бар жақсысын жеп, жағажайы мен мұражайына, саябағы мен сән-салтанатына қыдыру деп елестеткем. Солай ойласам, Марконың саяхаты саябақтың төңірегіне емес саясаттың көкжиегіне көтерілген екен.  Әдетте, көпшілік саяхатқа «ішсем екен», «жесем екен» деген тән құмарының мақсатында шығар болса, аталмыш саяхатшы «білсем екен», «көрсем екен», «үйренсем екен» деген жан құмарының жоспарымен шыққандығын бірден байқадым. Не арқылы байқадым? Әр жердің тіршілігінен бастап құлшылығына дейін құмартып, көргенін қырағылықпен, түйгенін тереңінен, түсінгенін түбімен қағаз бетіне түсіргендігінен. Көзімен көргенін сөзімен суреттегендігінен. «Білген, көрген болмысынан туған шындық кітабы болып шыға алса, содан арғы зорғы мұраты жоқ» деген Әуезовтің пікірі бұл еңбектің еңсесін тағы  көтергендей. 

     Боларынан боладысы қызық демекші, кітаптың қалай жазылғанына тоқталайық. Түпнұсқасы теміртордың ішінде екі жылға жуық уақытта жазылған. Тар қапасты түрме ішінде жазылған туынды әлемнің бар қаласына танылды, төрт қабырғаның төңірегінде туған еңбек төрткіл дүниенің төрінен бастап түкпіріне дейін тарады. Үнсіз жерде жазылған туындының үні әлемге жайылды. Қараңғылықта тербелген қалам адамзаттың, оның ішінде тарихты білуге талпынған, саяхаттың сырын ұғынып, өзге елдің мәдениетін меңгергісі келген ғалымдардың жолына жарық түсірер құнды ақпаратпен қамтылған құрал болды. Ал енді бұл еңбек қазақ қаламында қалай аударылды? Танымға таңсық тіл тартымды аударылған. Құдды бір Райма Ауесхан Марко Поломен бірге саяхатта серіктес болғандай, Марко өз аузынан баяндап отырып, Рустикелло оны жазып алып отырғанда, сол сәтке ол да ортақтас болып отырғандай. Аудармашы өз өмірінде болмаған оқиғаларды болғандай, бармаған жерлеріне барғандай, көрмегенін көргендей, Маркомен қара теңіздің үстінен қатарласа өткендей, Құбылайдың ордасында Маркомен бірге қызмет қылғандай кейіпте, деңгейде сезініп, оқырманды сендіріп аударма жасай алған деп есептеймін. Себебі аудармашы Марконың әлеміне еніп, ол киген етікті киіп сол жолмен жүріп өтіп, әлі жетіп, әрін әбіржітіп алмай, аударма әлпетін өз әлемінен тудырды. Елбасының «әлем әдебиетіндегі әйгілі жүз кітапты емін-еркін бар бояуымен төгілтіп түсіретін тіл – қуатты тіл, қазақ тілі – сондай тіл» деген пікірі кітаптың сәтті аударма болғанының бас себебін түсіндіргендей.  

     Сөйлемдер шатастырарлық шұбалаңқы емес, оқи отырып санаңда сол бейнені ассосациялап, танымыңда таныстық үдерісі үдей түседі. Бір ұнаған жері мәтін ішінде «біздікінше» «біздегідей» «бізбен салыстырғанда» деген секілді сөздердің кездесуі. Яғни салт-дәстүр мен аң-құстың біріңғай болмаса да бірінің бірегейін  аудармашы өзіміздікімен салыстырып, ұсқастығын білдіріп отырған. Редакциялық жұмыстар барысындағы орфографиялық қателерге де көз жұма алмадым, бірақ тың деректер мен тыңғылықты жасалған аударма олқылықтың орнын басты десем де болады. Оқиғалар тізбегінде, баяндаудың барысында сондай бір нәзік, білінер де білінбес байланыс пен үнсіз үйлесім бар. Үтірдің артынан үтірлер орынды түрде еріп, нүктесі нық қойылған. Егер Қытай жері сипатталып, Үндістанды кірістірудің реті келіп қалса да оқырманды шаршатып, шатастырмас үшін арнайы Үндістан бөлімінде айтатын боламыз деп ескерту жасалған. Италиян тіліндегі кей сөздердің нақты аудармасы болмаса да түсінікті тілде аударма жасап, әр таңсық сөздің түсіндірмесін енгізген. Бұл кітап белгілі бір сюжетке құрылмаған, басы, ортасы, аяғы деген секілді бастан-аяқ бір оқиғаны емес мың оқиғаны сипаттаған. Әке, інісімен шығысты шарлауға шыққандығымен басталып, түрлі елдің таңғажайыбына тап болғандығымен байланысып, табиғаттың тылсымымен, жол машақатымен шиеленісе түседі де, Құбылайдың қол астындағы қызметімен шарықтау шегіне жетіп, қайтадан туған жерге табан тірегенімен аяқталады. Қысқаша композициясы осы. Кітапты тәмәмдай келе Марко Поло Батыс пен Шығыстың мәдени, тарихи, географиялық байланысын бекіткен көпір деген түйін шығардым. «Батыс Батыс болғалы, Шығыс Шығыс болғалы, Қосылмас оның жолдары» деген пікірдің Пололық әулет парша-паршасын шығарғандай. Батыста бой түзеген Марко Шығыста ой түзеген. Абайдың «Ескендірінен», «Масғұтынан», «нәзирашылдық» шығыстық сюжеттерден білген, таныған Шығысымды бұл сапар танымастай өзгертті. Абайдан білген «Бағдатымды» Марконың баяндаған Бағдаты толықтырды. Марконың Батыстан Шығысқа 27 жыл қылған саяхат сандығы қыр-сырын танытты. «Ғылымды іздеп, дүниені көздеп, екі жаққа үңілдім» дегенді құдды бір Абай емес Марко Поло айтқандай сезіндім. 

     Бір адамның ғұмырымен тең саяхатының ұзақтығы таң қалдырды. Табаны тозса да, талабы тозбай шығыстың дархан даласын, қаласын, ауасын, тауынан бастап тасына дейін жіті бақылап, бағдарлап, баға берген. Әр көргенін себеп-салдарымен, тарихи және әлеуметтік контекстімен байланыстырып баяндаған. Ауасы демекші Үнді теңізіндегі Ормуз қаласы туралы әңгімесінде саяхатшы сол аймақта соғатын «ыстық жел» құбылысын ерекше сипаттайды. Оның айтуынша, күн сайын белгілі бір уақытта соғатын бұл жел кейде жауынгерлер үшін «тілсіз қару» қызметін атқарған. Жаулар дәл сол мезгілде аймаққа келгенде, аптап ыстық пен тұншықтырған желден қатты зардап шеккен. Міне, көріп отырғанымыздай Марко жай ғана ауасы қолайсыз деп қоя салмай, ауасының қолайсыздығынан жапа шеккен жауларының жағдайын дәлел етіп сипаттаған. Ауасын сипаттау үшін Ормуздықтардың кіммен жау болғанын, қандай мәселе үшін шайқасқа түскендігін қоса айтуы - әр елді мекеннің тарихын да игеріп жүргендігінің белгісі. Сонымен қатар саяхатшының тереңдікпен телміргенінің мысалы ретінде кейбір аймақтардың табиғи ерекшеліктерін емдік қасиеттерімен байланыстыра сипаттағанынан сездім. Белгілі бір таулардың ауасын жұту арқылы адамдардың дертінен айыққаны жөніндегі мәліметтерді келтіруі – оның тек географиялық емес, этнографиялық және медициналық сипаттағы деректерге де назар аударғанын көрсетеді. Осы тұрғыдан алғанда, шығарма тек саяхат күнделігі емес, түрлі халықтардың тұрмысы мен табиғи ортасы жөніндегі құнды дереккөз ретінде бағалануы керек. Әрине, саяхат туралы кітаптар әлем әдебиетінде аз емес. Дегенмен Марко Полоның бұл туындысының ерекшелігі – онда тек жол үстіндегі әсерлер ғана емес, сапарға қалай дайындалу, қауіпті аймақтарда қалай сақтану керектігі туралы нақты мәліметтер де қамтылған. Сол себепті дәуірімізден жеті жүз жыл бұрын өмір сүріп кеткен Марконың жазбасы күні бүгін де күні кешегідей құны көбеймесе кеміген жоқ, маңызы мен мардымы молаймаса жоғалған жоқ, өзектілігі өрбімесе өшкен жоқ. Автор шөл мен шөлейтті аймақтарды, қауіпті жолдарды, кермек немесе балдыр аралас суды пайдалануға мәжбүр болған сәттерді жасырмай баяндайды. Мұндай жол азаптарын оқи отырып, саяхатшының төзімділігі мен қайсарлығына, тануға деген талпынысы мен білімге деген беталысына бас иесің. Мұндай бейнеті мен берекесі кеткен тұстарын кіріктіруі кітап ішіндегі «Марко шынымен де Шығысқа сапар шеккен бе» деген күмәнді сейілтіп, сенімді күшейтеді. Ол қалай көрмегенін көрдім деп жазуы мүмкін? Әсте ғалым адам ғылым жолында мұздан тайса да, құздан құласа да, қылғанының дұрыстығымен қатар бұрыстығын да қоса айтып, нақты деректерге сүйенеді емес пе? Тіршіліксіз, сусыз, ассыз қалған аймақтарын өз басынан өткеріп барып, өзінен кейінгілерге сол жерге барар болсаң деп дайындығын дөп айтуы шынайылық пен ақиқаттың анықтығы деп тұшынамын.

     Тілдері мен қоса діндеріне де ден қойғандығы, тіпті дінаралық тартыстарды таразылағаны байқалады. «Мұхаммедтің үмбеттері» деген сөзді көп кездестірдім. Марконың айтуынша Алоадин атты мұсылман шал «егер де кімде кім өз иесіне қызмет етсе жұмаққа барады» деген ұранмен өз қолынан жұмақ жасауы арқылы соғыссыз елді жаулап алған. Қыз-қырқын, құстың сүтінен өзге тамақтар, керемет табиғат. Оған сенген жұртшылық. Бұл да мұсылман халқының тәңіріне сыйынып, «дегенін қылсаң ұжмаққа, қылмасаң тозаққа барасың» деген сенімінен хабардар екенін білдіреді. Ал бір жерде «Мұхаммедтің үмбеттері» деген де, ол халық арам ниеттілер, ішімдікке құмар деген. Марко Полоның бұл пікірі қазіргі оқырманға күмән тудыруы мүмкін. Ол кей тұстарда мұсылман қауымын жағымсыз сипатта бейнелегендей әсер қалдырады. Бұл, мүмкін, саяхатшының өз мәдени ортасының көзқарасына немесе сол кездегі еуропалық түсініктерге байланысты айтылған пікір болуы ықтимал. Сондықтан мұндай тұстарды тарихи кезеңнің ерекшелігі тұрғысынан түсініп,бағаладым. Шіркеу көлінде әдетте балық болмай, ораза қарсаңында көлдің балыққа толып, Пасхажақындағанда қайта жоғалып кеткенін баяндағанын ризықтың Раббымыздан келіп, мұсылманның қажеттілігі өтелгенін ұғынғаны, дін дүниетанымымен таныстығының дәлелі. Табиғаттық құбылысқа материалдық тұрғыдан емес, рухани тұрғыдан қарауға жетелейді. Сонымен қатар Бағдат маңындағы «қозғалған тау» туралы әңгімеде мұсылмандар христиандардың сенімін сынап, дұғаларының күшімен тауды қозғалтуды талап еткені баяндалады. Халық бірлесе дұға жасағанда тау қозғалғаны туралы сюжет сенім мен бірліктің символы ретінде берілген. Бұл оқиғалар Марко Полоның әртүрлі діни түсініктер мен сенімдерге қызығушылықпен қарағанын көрсетеді. Тау қозғауға дұға қылған тақуа бір көзсіз етікші: Кезінде әйел етегіне құмартып, көз зинасын жасаған. Інжілде «көзің сені тозаққа апаратын болса, онда оны алып таста, тозаққа екі көзбен барғанша, жұмаққа бір көзбен бар» деген хадистің күшімен көзін ойып алған. Демек олар да біздің «Құран кәрімдегі» хадистерге сенгеніміздей, өз кітаптарының айтқанына сенетіндігін білдіреді. Саяхатшы әр халықтың тұрмыс-салт ерекшеліктерін де назардан тыс қалдырмаған. Сипаттаған салт-дәстүрін өзіміздікімен ұқсатып та отырдым. Мысалы, кей елдерде адам қайтыс болғанда әйелдердің арнайы жылап, жылағысы келмесе ақысын төлеп жылаттыратындығын біздегі «жоқтау» салтына ұқсатып отырдым да, ақысын төлеп деген жеріне келгенде әр елдің салты басқа, иттері қара қасқа екенін ескердім. Өлімге қатысты дәстүрлердің тағы бірі Таңғыт өлкесінде сипатталады. Бұл жерде қайтыс болған адамды бірден жерлемей, жұлдызшылар белгілеген қолайлы күнді күтіп, мәйітті жәшікке салып үйде сақтайды. Егер үйде бір жамандық орын алса, оны марқұмның рухы риза болмады деп түсіндірген. Бұл түсінік қазақ мәдениетіндегі «өлі разы болмай, тірі байымас» деген ұғыммен үндеседі екен. Және олардың отбасында дүниеге ұл келсе құрметпен қойды семіртіп, оны құрбандыққа шалып, етін таратады екен. Бұл арқылы қай жерде де ұрпақ жалғастыратыным келді деп ұлдарын ұлықтайтынына тағы көз жеткіздім. Көп әйел алу дәстүрі кең тарағаны, сондай-ақ ағасы немесе інісі қайтыс болған жағдайда оның әйеліне үйлену салтын біздегі «әмеңгерлікпен» ұштастырдым. Енді бір жерде екі адамның үш жастағы балалары қайтыс болса оларды атастырып құдандаласады екен. Қағаз бетіне тойда қолданылатын заттарды салып бірге өртейді. Осылайша түтін олардың рухтарына барып, жер астында үйленіп, отау болады деген түсініктері бар. Қазақта «бесік құда», «бел құда» дегенде бар екенін білемін бірақ моңғолдардағы өліктерді атастыру салтының бары таң қалдырды. Марко Поло моңғолдардың төзімділігі мен шыдамдылығына да ерекше назар аударады. Олардың аштыққа төзімді, қиын жағдайда да тіршілік етуге бейім халық екенін айтып, тіпті кей кезде құрт жеп немесе аттың қанын ішіп күнелткенін баяндайды. Мұндай сипаттамалар көшпелі өмір салтының қатал табиғат жағдайларымен тығыз байланысты екенін көрсетеді.

     Жалпы жаза берер болсам жағдаяттар өте көп. Кітапты оқымастан бұрын берілген бөлімдер тізіміне көз жүгірттім. Арғысына бармай жатып бергісіндегі берілген атаулардың өзі Марконың түймедей нәрседен бастап, түйедей көлемді оқиғаларды байқап, баян еткеніне анық дәлел. Марконың байқампаздығы бағын еселеп, саяхаттың сапасын арттырып тұрғандай деген тұжырымға келдім. Әрине, италиян тіліндегі түпнұсқасын оқып көрмедім, бірақ Райма Ауесхан бұл еңбекке қазақ тілі арқылы тағы да жарқыратып жан бітірді. Кітап көлеңкеде қалмауға тиіс, қалмайды деп те сенемін. Кітапты толық оқып шыққан оқырман ретінде керегін іздегеннің қажетіне жарайтындығына кепілдік етемін.  Бұл рецензиям үшін айтылар сын болса сүрінбей өтуге, тағылар мін болса мүдірмей өтуге дайынмын.

 

Пікір білдіруші: Қалиханова Гүлай Әділханқызы