- Басты бет
- Жаңалықтар
- ҚазҰУ-да «Сыбайлас жемқорлыққа қарсы құқықтық мәдениет» тақырыбында кездесу өтті
ҚазҰУ-да «Сыбайлас жемқорлыққа қарсы құқықтық мәдениет» тақырыбында кездесу өтті
Әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университетінің Заң факультетінде «Заң мен тәртіп» тұжырымдамасын жүзеге асыру аясында «Сыбайлас жемқорлыққа қарсы құқықтық мәдениет» тақырыбында студенттердің қатысуымен арнайы кездесу ұйымдастырылды.
Іс-шараның негізгі мақсаты – жастар арасында сыбайлас жемқорлыққа қарсы құқықтық мәдениетті қалыптастыру, құқықтық сауаттылықты арттыру, адалдық пен әділдік қағидаттарын насихаттау және қоғамда сыбайлас жемқорлыққа мүлдем төзбеушілік ұстанымын орнықтыру.
Кездесу барысында сыбайлас жемқорлықтың қоғам мен мемлекет дамуына тигізетін теріс әсері, оның құқықтық мемлекет қағидаттарына қайшылығы, мемлекеттік басқару жүйесіндегі ашықтық пен есептіліктің маңызы, сондай-ақ сыбайлас жемқорлық құқық бұзушылықтары үшін көзделген заңдық жауапкершілік мәселелері талқыланды.
Сонымен қатар студенттерге сыбайлас жемқорлыққа қарсы күрес тек мемлекеттік органдардың міндеті ғана емес, бүкіл қоғамның ортақ жауапкершілігі екендігі түсіндірілді. Әсіресе болашақ заңгерлердің кәсіби қызметінде заңдылықты сақтау, адалдық таныту, мүдделер қақтығысына жол бермеу және әділ шешім қабылдау қағидаттарының маңыздылығына ерекше назар аударылды.
Сыбайлас жемқорлыққа қарсы құқықтық мәдениет – құқықтық мемлекет пен әділетті қоғам қалыптастырудың маңызды алғышарттарының бірі. Осы тұрғыдан алғанда, «Заң мен тәртіп» тұжырымдамасының басты құндылықтарын жастардың санасына сіңіру және заңға құрмет мәдениетін орнықтыру ерекше маңызға ие.
Кездесу студенттердің құқықтық санасын дамытуға, азаматтық жауапкершілігін арттыруға және сыбайлас жемқорлыққа қарсы берік ұстаным қалыптастыруға бағытталды.
Аталған іс-шара жастарды адалдыққа, әділдікке және заң үстемдігін құрметтеуге тәрбиелеудің маңыздылығын айқындады.
Басқа жаңалықтар