Заң факультетінде «Құқық бұзушылықтың алдын алу және жастар жауапкершілігі» тақырыбында кездесу өтті — ҚазҰУ

Заң факультетінде «Құқық бұзушылықтың алдын алу және жастар жауапкершілігі» тақырыбында кездесу өтті

15 қазан 2026
Заң факультетінде «Құқық бұзушылықтың алдын алу және жастар жауапкершілігі» тақырыбында кездесу өтті

2026 жылғы 13 қазанда Әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университетінің Заң факультетінде «Заң мен тәртіп» тұжырымдамасын жүзеге асыру аясында «Құқық бұзушылықтың алдын алу және жастар жауапкершілігі» тақырыбында студенттердің қатысуымен арнайы кездесу ұйымдастырылды.

Іс-шараның негізгі мақсаты – жастар арасында құқық бұзушылықтың алдын алу, құқықтық сауаттылық пен құқықтық мәдениетті арттыру, заңға құрметпен қарау дағдыларын қалыптастыру және студенттердің азаматтық жауапкершілігін нығайту.

Кездесу барысында құқық бұзушылықтың негізгі түрлері мен олардың туындау себептері, әкімшілік және қылмыстық жауаптылықтың ерекшеліктері, қоғамдық тәртіпті сақтау, жастар арасындағы құқыққа қайшы әрекеттердің алдын алу және құқықтық тәрбие мәселелері кеңінен талқыланды.

Сонымен қатар студенттерге құқық бұзушылықтың алдын алуда жеке жауапкершіліктің, құқықтық сананың және азаматтық белсенділіктің маңыздылығы түсіндірілді. Әсіресе жастар арасында жиі кездесетін құқық бұзушылықтар, интернет кеңістігіндегі құқыққа қайшы әрекеттер, кибербуллинг, алаяқтық және қоғамдық орындарда тәртіп сақтау мәселелеріне ерекше назар аударылды.

«Заң мен тәртіп» қағидаты – қоғамдағы тұрақтылық пен қауіпсіздікті қамтамасыз етудің, азаматтардың құқықтары мен заңды мүдделерін қорғаудың маңызды негізі. Осы тұрғыдан алғанда, жастардың құқықтық мәдениетін қалыптастыру және олардың заң алдындағы жауапкершілігін арттыру құқықтық мемлекет дамуының басты міндеттерінің бірі болып табылады.

Кездесу барысында болашақ заңгерлердің қоғамда заңдылық пен құқықтық тәртіпті нығайтудағы рөліне де назар аударылды. Құқық бұзушылықпен күресудің ең тиімді жолдарының бірі оның алдын алу екендігі, ал құқықтық тәрбие мен заңға құрмет мәдениеті жас ұрпақтың санасында қалыптасуы қажеттігі атап өтілді.

Іс-шара студенттердің құқықтық дүниетанымын кеңейтуге, құқық бұзушылықтың салдарын терең түсінуіне және қоғам алдындағы азаматтық жауапкершілігін сезінуіне ықпал етуге бағытталды.

Заңды құрметтеу – әрбір азаматтың міндеті, ал құқықтық тәртіпті сақтау – бүкіл қоғамның ортақ жауапкершілігі.