Ғылымға бастар жол: жас зерттеушілерге арналған практикалық семинар
Бүгінгі қарқынды дамыған цифрлық дәуірде жас ғалымдарға дайын мәліметтерді ұсынудан гөрі, оларға сапалы ақпаратты іздеу, іріктеу және сараптау құралдарын меңгерту – ғылыми ортаның басты міндеттерінің бірі.
Осы орайда 2026 жылғы 10 қарашада әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университеті философия және саясаттану факультетінің дінтану және мәдениеттану кафедрасының ұйымдастыруымен БҰҰ-ның Тұрақты даму мақсаттарының 4-бағыты «Сапалы білім» аясында келелі іс-шара өтті. Магистранттар мен докторанттарға арналған «Халықаралық ғылыми-ақпараттық дерекқорлармен және аналитикалық платформалармен жұмыс жасау» тақырыбындағы тәжірибелік семинар жас ғалымдар үшін нағыз тағылымды басқосу болды. Ұйымдастырушылар: А.Д. Құрманалиева, М.Р. Балтымова, А.Н. Карыбаева.
Семинар барысында дінтану және мәдениеттану кафедрасының меңгерушісі, философия ғылымдарының докторы, профессор Айнұр Құрманалиева қазіргі академиялық талаптардың күшейіп келе жатқанына тоқталды. Ғалымның айтуынша, магистрлік және докторлық диссертацияларды қорғауға шығу рейтингтік басылымдардағы жарияланымдармен тікелей байланысты, сондықтан халықаралық талаптарға сай сапалы мақала жазу әрбір ізденуші үшін аса қажет.

Дінтану және мәдениеттану кафедрасы меңгерушісінің ғылыми-инновациялық қызмет және халықаралық байланыстар жөніндегі орынбасары, филология ғылымдарының кандидаты, профессор м.а. Мира Балтымова Scopus пен Web of Science халықаралық базаларында зерттеу жүргізудің тетіктерін тәжірибе жүзінде көрсетті. Ол рецензияланатын журналдардың процентилі мен квартилін, индексін анықтауды, автор, журнал атауы және саласы бойынша мақалаларды табуды, «жыртқыш» (хищнические) басылымдардан сақтану жолдарын және дәйексөз келтіру көрсеткіштерін (h-index) тиімді бақылау әдістерін егжей-тегжейлі түсіндірді.
Ал PhD, ассистент-профессор Айнұр Карыбаева SciVal аналитикалық құралының мүмкіндіктерін тарқатып берді, магистрант, докторанттармен практикалық тұрде қарастырды. Бұл платформа зерттеушілерге ғылыми трендтерді бақылауға, пәнаралық байланыстарды, өзекті кілт сөздерді және әлемдік деңгейдегі жетекші зерттеу топтарын табуға жол ашады. SciVal арқылы тақырыптың әлемдік деңгейдегі өзектілігін бағалап, болашақ коллаборацияларға жол картасын түзуге болады.
Жас ғалымдардың әлеуетін арттыратын мұндай шаралар алдағы уақытта да жалғасын таппақ. Кафедра келесі кезекте ScienceDirect пен LeapSpace сияқты мамандандырылған цифрлық ресурстардың функционалын тереңдетіп оқытуды жоспарлап отыр. Бұл бастамалар отандық гуманитарлық ғылымның халықаралық кеңістікке сенімді интеграциялануына зор серпін берері сөзсіз.
.jpeg)