ҚазҰУ мен Ұлттық статистика бюросының департаменті ынтымақтастық орнатты
Әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университетінде ҚР Стратегиялық жоспарлау және реформалар агенттігі Ұлттық статистика бюросының Алматы қаласы бойынша департаменті басшылығымен кездесу өтті. Тараптар сұранысқа ие мамандар даярлау, студенттердің кәсіби құзыреттерін дамыту және түлектердің жұмысқа орналасу мүмкіндіктерін кеңейту мәселелерін талқылады.

Кездесуді ашқан ҚазҰУ-дың Басқарма мүшесі – академиялық мәселелер жөніндегі проректор Алина Галеева университеттің жаңа буын мамандарын даярлау тәжірибесімен бөлісіп, білім беру бағдарламаларын жетілдіруде жұмыс берушілермен тығыз байланыс орнатудың маңызын атап өтті.

Департамент басшысы Дархан Исаев ведомство қызметінің негізгі бағыттарын таныстырып, студенттердің мемлекеттік статистика саласындағы кәсіби тәжірибесін арттыру және оларды осы салаға тарту мүмкіндіктеріне тоқталды.

Өз кезегінде ҚазҰУ-дың Құзыреттер орталығының директоры Гүлмира Әмірбекова Мансап орталығының студенттерге кәсіби бағдар беру және түлектерді қолдау бағытындағы жұмысы туралы баяндады. Бұдан бөлек, кездесуде департамент өкілдерімен бірлесіп ашық дәрістер, тренингтер мен бос жұмыс орындары жәрмеңкелерін ұйымдастыру жайы қарастырылды.

Кездесу қорытындысында тараптар ынтымақтастық туралы меморандумға және ҚазҰУ студенттерінің кәсіби практикасын ұйымдастыру жөніндегі шартқа қол қойды. Құжаттар аясында департамент мамандарын оқу үдерісіне тарту, өзара тәжірибе мен ақпарат алмасу, білім беру бағдарламаларын бірлесіп жетілдіру және студенттерді ведомство бөлімшелерінде тәжірибеден өткізу көзделген.
Сондай-ақ тараптар іріктеуден сәтті өткен ҚазҰУ түлектерін бос жұмыс орындарына орналастыруға жәрдемдесуге уағдаласты.

Әл-Фараби атындағы ҚазҰУ Баспасөз қызметі
Басқа жаңалықтар