әл-Фараби атындағы ҚазҰУ-да жеке қаржыны басқару және тұрғын үй жинақтары бойынша воркшоп өтті — ҚазҰУ

әл-Фараби атындағы ҚазҰУ-да жеке қаржыны басқару және тұрғын үй жинақтары бойынша воркшоп өтті

10 қараша 2026
әл-Фараби атындағы ҚазҰУ-да жеке қаржыны басқару және тұрғын үй жинақтары бойынша воркшоп өтті

2026 жылғы 10 қарашада әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университетінде студенттерге арналған «Жеке қаржыны басқару стратегиясы: Отбасы банктің тұрғын үй құрылыс жинақтары жүйесі» тақырыбында білім беру воркшопы өтті.

Іс-шараны әл-Фараби атындағы ҚазҰУ-дың Экономика және бизнес жоғары мектебінің «Қаржы және есеп» кафедрасы ұйымдастырды. Ұйымдастырушылар ретінде «Қаржы және есеп» кафедрасының меңгерушісі М.Ж. Дарибаева және экономика ғылымдарының докторы, доцент Е.А. Сигаев қатысты.

Воркшоптың негізгі мақсаты – студенттердің қаржылық сауаттылық деңгейін арттыру, жеке қаржыны басқарудың практикалық дағдыларын қалыптастыру және жастарды жеке тұрғын үй сатып алуға қаражат жинақтаудың заманауи құралдарымен таныстыру.

Қазақстанның қаржы жүйесі қарқынды дамып жатқан қазіргі жағдайда табысты ұтымды бөлу, жеке жинақтарды қалыптастыру, қаржылық жоспарлау және қарыз қаражатына жауапкершілікпен қарау мәселелері ерекше өзектілікке ие болып отыр. Жеке қаржыны сауатты басқару материалдық тұрақтылыққа, қаржылық тәуелсіздікке және ұзақ мерзімді әл-ауқатқа қол жеткізудің маңызды шартына айналуда.

Іс-шараға шақырылған спикер ретінде Отбасы банктің кеңесшісі, Қазақстан Республикасы Қаржы нарығын реттеу және дамыту агенттігінің (ҚНРДА) Сарапшылық кеңесінің мүшесі, қаржы кеңесшісі Жанар Таланова сөз сөйледі.

Кездесу барысында қатысушылар Отбасы банктің тұрғын үй құрылыс жинақтары жүйесінің негізгі қағидаттарымен, тұрғын үй сатып алуға қаражат жинақтау ерекшеліктерімен, тұрғын үйді қаржыландыру тетіктерімен және мемлекеттік қолдау құралдарын пайдалану мүмкіндіктерімен танысты.

Қаржылық мақсаттарды айқындау, отбасылық және жеке бюджетті жоспарлау, жинақтаудың тиімді стратегиясын таңдау және жеке қаржылық мүмкіндіктерді бағалау мәселелеріне ерекше назар аударылды.

Воркшоптың практикалық бағыттылығы студенттерге қаржы секторы өкілінен өзекті ақпарат алуға ғана емес, сонымен қатар алған білімдерін күнделікті өмірде қалай қолдануға болатынын тереңірек түсінуге мүмкіндік берді. Қатысушылар қолжетімді қаржы құралдары туралы түсініктерін кеңейтіп, өздерінің қаржылық болашағын саналы түрде жоспарлауға қажетті білім алды.

Осындай іс-шараларды өткізу университет пен қаржы саласының өкілдері арасындағы өзара ынтымақтастықты нығайтуға, тәжірибеге бағдарланған білім беруді дамытуға және қаржылық сауатты мамандардың жаңа буынын даярлауға ықпал етеді.