ТДМ 16 аясында діни сауаттылық пен қоғамдық қауіпсіздікті нығайту — ҚазҰУ

ТДМ 16 аясында діни сауаттылық пен қоғамдық қауіпсіздікті нығайту

5 қараша 2026
ТДМ 16 аясында діни сауаттылық пен қоғамдық қауіпсіздікті нығайту

 

2026 жылғы 5 қарашада әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университеті Философия және саясаттану факультетінің Дінтану және мәдениеттану кафедрасының ұйымдастыруымен Алматы облысы, Іле ауданындағы 55065 әскери бөлімінің әскери қызметшілері арасында діни сауаттылықты арттыру, деструктивті діни идеологиялардың алдын алу, сондай-ақ бейбітшілік пен қоғамдық тұрақтылық құндылықтарын нығайту мақсатында ақпараттық-түсіндіру іс-шарасы өткізілді. Іс-шараны кафедраның «Исламтану» мамандығы бойынша 2-курс докторанты Рустем Молдахметов пен доцент м.а., PhD Ұлжан Асқарбаевна Тунгатова ұйымдастырып, жүргізді.

Іс-шара барысында әскери қызметшілерге діни сауаттылықтың маңызы, діни ақпаратты дұрыс қабылдау, деструктивті діни идеологиялардың ерекшеліктері және олардың алдын алу жолдары түсіндірілді. Сонымен қатар діни және қоғамдық келісімді сақтау, өзара құрмет пен жауапкершілік қағидаттары, сондай-ақ бейбітшілік пен тұрақтылықты нығайту мәселелеріне назар аударылды.

Кездесу барысында әскери қызметшілер діни мәселелер бойынша өздерін қызықтырған сұрақтарын қойып, маманмен пікір алмасты. Іс-шара барысында дінді дұрыс түсінудің, діни ақпарат көздеріне сыни тұрғыдан қараудың және қоғамдағы тұрақтылықты сақтауда әр азаматтың жауапкершілігінің маңыздылығы атап өтілді.

Аталған іс-шара әскери қызметшілердің діни сауаттылығын арттыруға, деструктивті діни идеологиялардың таралуының алдын алуға, заңдылық пен қоғамдық тәртіпті құрметтеуге, сондай-ақ бейбітшілік пен тұрақтылық құндылықтарын нығайтуға бағытталды.

Іс-шара Біріккен Ұлттар Ұйымының Тұрақты даму мақсаттарының 16-мақсаты — «Бейбітшілік, әділдік және тиімді институттар» қағидаттарымен үндесіп, бейбіт әрі қауіпсіз қоғам қалыптастыруға, заңдылықты құрметтеуге, діни және қоғамдық келісімді нығайтуға бағытталған ағартушылық жұмыстардың маңыздылығын көрсетті.