- Басты бет
- Жаңалықтар
- «Кітап оқитын ұлт» республикалық марафоны аясында «Соңғы көш» романына арналған әдеби-танымдық кеш өтті
«Кітап оқитын ұлт» республикалық марафоны аясында «Соңғы көш» романына арналған әдеби-танымдық кеш өтті
2026 жылғы 12 қарашада әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университетінің Философия және саясаттану факультетінде «Кітап оқитын ұлт» республикалық марафоны аясында қазақ әдебиетінің көрнекті өкілі, Қазақстанның халық жазушы Қабдеш Жұмаділовтің «Соңғы көш» романына арналған әдеби-танымдық кеш ұйымдастырылды. Іс-шараны Дінтану және мәдениеттану кафедрасының профессоры Н.Ж. Байтенова мен Ж.А. Байғараев ұйымдастырды.
Әдеби кездесудің арнайы қонағы – тарихшы, Қабдеш Жұмаділов атындағы халықаралық қордың төрағасы Арман Жұмаділов болды. Кездесу барысында жазушының шығармашылық мұрасы, «Соңғы көш» романының тарихи-танымдық маңызы, шығармада көрініс тапқан қазақ халқының тарихи тағдыры, көші-қон үдерістері, ұлттық болмыс пен тарихи жады мәселелері кеңінен талқыланды. Арман Жұмаділов романның идеялық-көркемдік мазмұнына қатысты пайымды пікірлерімен бөлісіп, жазушы мұрасының ұлттық әдебиет пен тарихи сананы қалыптастырудағы маңызын атап өтті.
Қабдеш Жұмаділовтің «Соңғы көш» романы – қазақ халқының тарихи тағдырын, әлеуметтік-мәдени болмысын, тарихи көші-қон үдерістерін және ұлттық бірегейлігін көркемдік тұрғыдан бейнелейтін іргелі әдеби туындылардың бірі. Романдағы тарихи оқиғалар мен қоғамдық құбылыстарды зерделеу оқырманның тарихи санасын тереңдетуге, ұлттық құндылықтардың сабақтастығын түсінуге және тарихи-мәдени мұраға деген құрметін арттыруға мүмкіндік береді.
Іс-шараның негізгі мақсаты – көркем әдебиеттің танымдық және тәрбиелік әлеуетін пайдалана отырып, білім алушылардың тарихи-мәдени сауаттылығын арттыру, ұлттық әдеби мұраны насихаттау, оқырмандық мәдениетті қалыптастыру және жастардың зияткерлік дамуына ықпал ету.
Аталған әдеби-танымдық кеш Біріккен Ұлттар Ұйымының Тұрақты даму мақсаттарының 4-мақсаты – «Сапалы білім беру» міндеттерімен мазмұндық тұрғыдан сабақтасады. Аталған мақсат баршаға инклюзивті, әділетті және сапалы білім беруді қамтамасыз етуді, сондай-ақ өмір бойы білім алу мүмкіндіктерін ілгерілетуді көздейді.
Осы тұрғыдан алғанда, әдеби-танымдық кездесулер білім беру үдерісін толықтыратын маңызды мәдени-ағартушылық алаң ретінде қарастырылады. Мұндай іс-шаралар білім алушылардың сыни ойлау қабілетін, тарихи санасын, мәдени құзыреттілігін және зияткерлік әлеуетін дамытуға ықпал етеді. Сонымен қатар кітап оқу мәдениетін қалыптастыру, ұлттық әдеби мұраны сақтау және оны келешек ұрпаққа жеткізу міндеттерін жүзеге асыруға мүмкіндік береді.
Жалпы, «Кітап оқитын ұлт» республикалық марафоны аясында өткізілген бұл кездесу көркем әдебиеттің қоғамдық-танымдық маңызын арттыруға, ұлттық тарихи жадты жаңғыртуға және сапалы білім беру қағидаттарын ілгерілетуге бағытталған маңызды рухани-ағартушылық іс-шара болды.
Іс-шараға қатысып, тағылымды ой-пікірлерімен бөліскені үшін тарихшы, Қабдеш Жұмаділов атындағы халықаралық қордың төрағасы Арман Жұмаділовке алғысымызды білдіреміз.
Кітап оқу мәдениетін дамыту – зияткерлік әлеуеті жоғары, тарихи санасы қалыптасқан және рухани құндылықтарды бағалайтын қоғам құрудың маңызды алғышарты.
