- Басты бет
- Жаңалықтар
- «TENGE CHALLENGE – 2026» республикалық олимпиадасы: «FinTRIO» командасының жарқын жеңісі!
«TENGE CHALLENGE – 2026» республикалық олимпиадасы: «FinTRIO» командасының жарқын жеңісі!
Әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университетінің Жоғары экономика және бизнес мектебінде Қазақстан Республикасының ұлттық валютасы – Теңге күніне орай жоғары оқу орындары арасында «TENGE CHALLENGE – 2026» республикалық олимпиадасы ұйымдастырылды.
Аталған зияткерлік сайыс студенттердің қаржылық сауаттылығын арттыруға, ұлттық валютаның қалыптасу тарихы мен қаржы жүйесінің ерекшеліктері туралы білімдерін тереңдетуге, сондай-ақ болашақ қаржы мамандарының кәсіби және аналитикалық құзыреттіліктерін дамытуға бағытталды.
Республикалық олимпиадаға еліміздің жетекші жоғары оқу орындарының студенттері қатысты. Атап айтқанда, Алматы технологиялық университеті (АТУ), М.Х. Дулати атындағы Тараз университеті, Каспий университеті, «Тұран» университеті және Нархоз университетінің командалары өзара білім сайысына түсіп, зияткерлік әлеуеттері мен дайындық деңгейлерін көрсетті.
Олимпиада барысында қатысушылар қаржы саласына қатысты теориялық білімдерін, логикалық ойлау қабілеттерін, жылдам шешім қабылдау дағдыларын және командада жұмыс істеу шеберліктерін танытты. Сайыс студенттерге өз білімдерін тәжірибе жүзінде сынап, басқа жоғары оқу орындарының білім алушыларымен тәжірибе алмасуға мүмкіндік берді.
Олимпиада қорытындысы бойынша әл-Фараби атындағы ҚазҰУ-дың «Қаржы» білім беру бағдарламасының 2-курс студенттерінен құралған «FinTRIO» командасы қатысушы жоғары оқу орындарының командаларынан оза шығып, үздік нәтиже көрсетті. Команда І дәрежелі дипломмен марапатталып, университетіміздің абыройын асқақтатты.
Жеңімпаз команданың құрамында:
* Есенжол Зере;
* Саурбек Сымбат;
* Хамытбек Аселя.
Бұл жетістік – студенттердің білімге деген құштарлығының, табанды еңбегінің, ұйымшылдығы мен жоғары дайындық деңгейінің айқын нәтижесі. Сонымен қатар, мұндай зияткерлік іс-шаралар болашақ қаржы мамандарының кәсіби қалыптасуына, өз мүмкіндіктерін бағалауына және бәсекеге қабілеттілігін арттыруына ықпал етеді.
Команда жетекшілері: Супугалиева Г.И., Жумадилова Т.Б.
«FinTRIO» командасын лайықты жеңісімен шын жүректен құттықтаймыз! Алдағы уақытта да білім мен ғылым жолында биік белестерді бағындырып, жаңа жетістіктерге жете берулеріне тілектеспіз!