- Басты бет
- Жаңалықтар
- ҚазҰУ-да Мұқанмадияр Орынбековтің туғанына 80 жыл толуына арналған республикалық дөңгелек үстел өтті
ҚазҰУ-да Мұқанмадияр Орынбековтің туғанына 80 жыл толуына арналған республикалық дөңгелек үстел өтті
2026 жылғы 13 қарашада әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университетінің философия және саясаттану факультетінде көрнекті ғалым, философия ғылымдарының докторы, профессор Мұқанмадияр Серікбекұлы Орынбековтің туғанына 80 жыл толуына орай «Қазақстан дінтануының интеллектуалдық тарихы: М.С. Орынбеков» атты республикалық дөңгелек үстел ұйымдастырылды.

Әл-Фараби атындағы ғылыми кітапханада өткен ғылыми басқосу отандық философия мен дінтану ғылымының дамуына елеулі үлес қосқан ғалымның ғылыми мұрасын зерделеуге, оның іргелі зерттеулерінің маңызын саралауға және Қазақстандағы дінтану ғылымының қалыптасуындағы тарихи орнын айқындауға арналды.
Дөңгелек үстелдің ашылуында философия және саясаттану факультетінің деканы, қауымдастырылған профессор Бекжан Берікбайұлы Мейрбаев құттықтау сөз сөйледі.
Ғылыми жиынға еліміздің жетекші жоғары оқу орындары мен ғылыми-зерттеу институттарының белгілі ғалымдары, профессорлар, оқытушылар, жас зерттеушілер мен докторанттар қатысты. Атап айтқанда, Нағима Байтенова, Тұрсын Ғабитов, Жақыпбек Алтаев, Дәуренбек Құсайынов, Қайрат Затов, Қарлығаш Борбасова және басқа да белгілі ғалымдар Мұқанмадияр Орынбековтің ғылыми мұрасы мен отандық философиялық ойдың дамуына қосқан үлесіне қатысты пікір алмасты.
.jpeg)
Басқосу барысында ғалымның қазақ халқының дүниетанымы, дәстүрлі наным-сенімдері, рухани құндылықтары, Абай философиясы және Қазақстандағы діни сананың қалыптасуы мәселелеріне арналған зерттеулері кеңінен қарастырылды. Сонымен қатар ұлттық философия мен дінтану ғылымының қазіргі даму бағыттары, ғылыми сабақтастық пен ғалым мұрасын жас ұрпаққа жеткізудің маңыздылығы талқыланды.

Іс-шара аясында Мұқанмадияр Серікбекұлы Орынбековтің туғанына 80 жыл толуына арналған «Мұқанмадияр Орынбеков: өнегелі ғұмыры мен ғылыми шығармашылығы”естелік жинағының таныстырылымы ұйымдастырылды. Басылымда ғалымның өмір жолы мен ғылыми қызметі, әріптестері мен шәкірттерінің естеліктері, ғылыми еңбектеріне арналған зерттеулер мен библиографиялық материалдар қамтылған.
.jpeg)
Республикалық дөңгелек үстел отандық дінтану ғылымының интеллектуалдық тарихын зерделеуге, ғылыми дәстүр сабақтастығын нығайтуға және Мұқанмадияр Орынбековтің бай ғылыми мұрасын келешек ұрпаққа насихаттауға арналған маңызды ғылыми басқосу болды.
.jpeg)
Басқа жаңалықтар