Ұлттық валюта күні — ҚазҰУ

Ұлттық валюта күні

19 қараша 2026
Ұлттық валюта күні

Шетелдік студенттерге кураторлық сағат барысында айтылған Қазақстанның жаңа тарихындағы айтулы күндердің бірі – 1993 жылғы 15 қараша. Дәл осы күні ұлттық валютамыз – теңге ресми түрде айналымға енгізіліп, кеңестік рубльді алмастырды.

Бүгінде жастар қаржы жүйесінің ел дамуындағы рөлі туралы жақсы хабардар. Алайда ұлттық валютамыз – теңгенің қолданысқа енгізілген сәтінен бастап бүгінгі күнге дейінгі жүріп өткен жолы, оның үздіксіз дамуы және мамандардың көзқарасы бойынша болашағы шетелдік білім алушылар үшін тың жаңалық болды.

Оқытушылар теңгенің пайда болуына негіз болған алғышарттар мен оның айналымға енгізілуіне қатысты тарихи деректерді баяндап қана қоймай, Қазақстанның алғашқы ақша белгілерінің суреттерімен безендірілген қызықты презентация дайындады.

Студенттер көптеген қызықты мәліметтерге қанықты. Атап айтқанда: 2026 жылы қазақстандық теңге АҚШ долларына қатысты нығаю қарқыны бойынша әлемдік көшбасшылардың қатарына енді; Қазақстан теңгесі беделді халықаралық ұйымдар мен басылымдардың бағалауы бойынша бірнеше рет әлемдегі үздік әрі ең әдемі валюталардың бірі деп танылды; заманауи полиграфиялық технологиялардың, қорғаныш жіптердің, сутаңбалардың және оптикалық-ауыспалы элементтердің арқасында теңге әлемдегі қолдан жасалудан жақсы қорғалған валюталардың бірі саналады.