Біздің стратегиялық мақсатымыз – елімізді академиялық хабқа айналдыру
Бүгін елімізде өтіп жатқан lll стратегиялық серіктестер форумына жаһандық ғылым жүйесінің көрнекті өкілдері, әлемге әйгілі ғалымдар мен білім саласының білікті мамандары және сарапшылар қатысып отыр.
Осы алқалы жиында халықаралық ғылыми ықпалдастық мәселесі жан-жақты талқыланып жатыр. Бұл – өте өзекті тақырып. Себебі қазіргі тұрақсыз, бұлыңғыр заманда әлемдік университеттер қауымдастығы өздерінің салмақты пікірлері мен ұстанымдарын айтуы керек. Сіздердің, яғни, ғылым өкілдерінің халықаралық шиеленістердің азаюына қосатын үлесі өте маңызды. Осыған орай, бүгін ғылымның даму жолына және басқа да өзекті мәселелерге қатысты құнды пікірлер, тиімді ұсыныстар айтылып жатыр. Мұның бәрі де отандық және шетелдік жоғары білім саласының әлеуетін нығайтуға септігін тигізері сөзсіз.
Жаппай цифрландыру және жасанды интеллект дәуірінде ғылым-білімнің әлем өркениетіндегі орны айрықша. Ғылым – барша адамзатқа ортақ игілік. Біз елдеріміздің жарқын болашағы мен азаматтарымыздың сапалы тұрмысын қамтамасыз ету үшін әлем қауымдастығы болып ғылым-білімдегі әр жетістігімізді саналы түрде кәдеге жаратуымыз керек. Стратегиялық серіктестер форумының негізгі мақсат-міндеті де осы деп айтуға болады.
Жер жүзінің ең зияткер тұлғаларын ортақ мүддеге жұмылдырған бұл алқалы жиын еліміз үшін тарихи сәтте өтіп жатыр. Еліміз қасиетті Тәуелсіздігіміздің мерейлі межесіне халықаралық беделі биік, экономикалық әлеуеті зор, болашағы жарқын ел, сондай-ақ аймақта көш бастап тұрған және дүние жүзінде жаппай мойындалған озық мемлекет ретінде жетіп отыр.
Біртұтас еліміздің бірлігі күшейіп, мемлекеттігіміз нығайды. Осылайша, Ұлы даладағы бірегей өркениетіміз қайта жаңғырды. Соңғы жеті жыл ішінде Қазақстанда ауқымды реформалар жүзеге асырылды. Бұл да – тарихымызда бұрын-соңды болмаған оқиға. Аталған өзгерістер тұтас халқымыздың өміріне, бүкіл қоғамның болмысына оң ықпал етуде.
Енді алдымызда тұрған мақсат – біз баршаға бірдей мүмкіндік беретін, адал еңбек пен айрықша жауапкершілік қасиеттерін жоғары бағалайтын Әділетті Қазақстанды құруға кірістік. «Таза Қазақстан» жалпыұлттық қозғалысын қолға алдық, соның арқасында азаматтарымыздың бойында жаңа этика мен мүлде жаңа сипаттағы бітім-болмыс қалыптаса бастады.
Қазақстан жоғары білімнің, ғылымның және халықаралық академиялық ынтымақтастықтың өңірлік орталығы ретіндегі позициясын дәйекті түрде нығайтуды көздейді.
Біздің стратегиялық мақсатымыз – елімізді Орталық Азиядағы академиялық хабқа айналдыру, жаһандық білім нарығының, әсіресе, өзекті әрі сапалы білім нарығының бір бөлігі болу болып табылады.
Әлемнің жетекші оқу орындарымен жемісті серіктестік орнатып, көптеген шетелдік университеттің филиалдарын аштық. Білім беру мен ғылыми-инновациялық инфрақұрылымды жаңғырту басталды.
Ғылым – тұтас адамзаттың игілігіне қызмет ететін теңдессіз құндылық. Осы тұрғыдан алғанда, Қазақстан барлық елмен зияткерлік байланысты ұлғайтуға ұдайы баса мән береді. Ел президенті еліміздің білім және ғылым саласын дамытуға елеулі үлес қосып келе жатқан университет басшыларына, ғалымдарға, оқытушыларға алғысын білдірді. Ел басшысы алдағы уақытта да ел ғалымдары мен зияткерлері бірлесіп көптеген озық бастамаларды жүзеге асырып, өзара пайдалы байланыстарымызды жаңа деңгейге көтереді деген сенімін білдірді.
Әл-Фараби атындағы ҚазҰУ, филология факультеті, шетел тілдері кафедрасының ассистент профессоры Баймуратова И.А
Басқа жаңалықтар