Биология мұражайы – табиғат құпияларының қазынасы — ҚазҰУ

Биология мұражайы – табиғат құпияларының қазынасы

14 қараша 2026
Биология мұражайы – табиғат құпияларының қазынасы

Әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университеті жоғары оқу орнына дейінгі білім беру факультетінің жоғары оқу орнына дейінгі дайындық кафедрасында БҰҰ «4 – Сапалы білім және 11 – Тұрақты қалалар мен елді мекендер» тұрақты даму мақсаттары аясында университеттің биология және биотехнология факультетінде орналасқан Биология мұражайына ұйымдастырылған танымдық саяхат тыңдаушылар үшін ерекше әсерлі әрі тағылымды шара болды.

1936 жылы құрылған мұражай – Қазақстандағы жоғары оқу орындары арасындағы көне әрі бай мұражайлардың бірі. Танымдық саяхат барысында шетелдік тыңдаушылар мұражайдың тақырыптық бөлімдерін аралап, Қазақстанның ғана емес, әлемнің түкпір-түкпірінен жиналған 5000-нан астам зоологиялық және ботаникалық жәдігермен жақынырақ танысты.

Мұражайдың аға қызметкері Анар Бақытқалиқызы биоалуантүрлілікті сақтау, жойылып бара жатқан түрлерді қорғау және еліміздің экожүйесіндегі өзгерістер туралы кеңінен таныстырды. Тыңдаушыларға Қазақстан табиғатының ерекшеліктері, сирек кездесетін жануарлар мен өсімдіктердің түрлері, әсіресе жануарлар дүниесіне арналған экспозициялар, құстар мен сүтқоректілердің тұлыптары ерекше қызығушылық тудырды. Болашақта биолог және медицина мамандығын таңдаған тыңдаушылар өздерін қызықтырған сұрақтарын қойып, табиғат әлеміне қатысты жаңа мәліметтер алды. Танымдық экскурсия тыңдаушылардың білім алуға деген қызығушылығын арттырып қана қоймай, табиғатқа деген сүйіспеншілік пен экологиялық мәдениетті қалыптастыруға зор ықпал етері даусыз.