Урду тілі бөлімінің студенттері Пәкістан павильонында кәсіби тәжірибеден өтті
Әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университеті Шығыстану факультетінің Урду тілі бөлімінің 3 курс студенттері Алматыдағы Пәкістан консулдығының ұйымдастыруымен өткен Пәкістан павильонында тәжірибеден өтіп, кәсіби білімдері мен практикалық дағдыларын жетілдірді.
Тәжірибе барысында студенттер урду ағылшын тілінен қазақ тіліне аударма жасап, іскерлік коммуникация саласындағы тәжірибелерін шыңдады. Атап айтқанда, олар Пәкістанның ірі өндірістік компаниялары Safi, Haji Muhammad және Rice Mills өкілдерімен жұмыс істеп, өнімдері мен қызметтері туралы ақпаратты аударуға, шетелдік қонақтармен және іскерлік серіктестермен коммуникация орнатуға атсалысты.
Урду тілі бөлімінің студенттері компания өкілдері мен павильон қонақтары арасындағы өзара түсіністікті қамтамасыз етіп, іскерлік кездесулер мен таныстырылымдар барысында тілдік қолдау көрсетті. Бұл олардың кәсіби аударма машықтарын тәжірибе жүзінде қолдануына, салалық терминологияны меңгеруіне және іскерлік ортада еркін қарым-қатынас жасау қабілеттерін дамытуына мүмкіндік берді.
Аталған тәжірибе болашақ шығыстанушы мамандар үшін урду тілін кәсіби деңгейде қолданудың, халықаралық іскерлік байланыстардың ерекшеліктерімен танысудың және аударма саласында практикалық тәжірибе жинақтаудың маңызды мүмкіндігі болды.
Әл-Фараби атындағы ҚазҰУ-дың Шығыстану факультеті студенттердің кәсіби құзыреттілігін арттыруға және халықаралық ынтымақтастық аясында тәжірибелік білім алуына бағытталған бастамаларды қолдайды.

Басқа жаңалықтар