- Басты бет
- Жаңалықтар
- ҚазҰУ-да адами капитал және инновациялық даму мәселелеріне арналған халықаралық дөңгелек үстел өтті
ҚазҰУ-да адами капитал және инновациялық даму мәселелеріне арналған халықаралық дөңгелек үстел өтті
2026 жылғы 12 қарашада Әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университетінің Экономика және бизнес жоғары мектебінде «Адами капитал – ұлттық экономиканың инновациялық дамуының негізі» тақырыбында халықаралық ғылыми-практикалық дөңгелек үстел өтті. Іс-шара экономика ғылымдарының докторы, профессор Төлегенова Мадина Сәкенқызының мерейтойына арналды. Ғалымның өмірі мен кәсіби қызметі 45 жылдан астам уақыт бойы ҚазҰУ-мен тығыз байланысты. Осы жылдары ол жас оқытушыдан экономикалық теория, қаржылық және адами капитал, әлеуметтік-еңбек қатынастары салаларындағы танымал ғалым дәрежесіне дейін көтеріліп, экономикалық ғылымның дамуына елеулі үлес қосты.

Дөңгелек үстелдің мақсаты адами капиталдың ұлттық экономиканың бәсекеге қабілеттілігін арттырудағы рөлін, инновациялық даму жағдайында білім мен ғылымның маңызын талқылау болды. Гибридті форматта өткен жиынға Қазақстан, Түркия, Өзбекстан және Швецияның жоғары оқу орындары мен ғылыми-зерттеу ұйымдарының өкілдері қатысты.
Іс-шараға Экономика және бизнес жоғары мектебінің деканы Ермекова Жанна Жандарбекқызы модераторлық етті. «Парасат» кәсіподағының төрағасы Мекебаев Талғат Құмарғалиұлы, профессор Мансұров Зұлхайыр Аймұхаметұлы, «Тұран» университетінің проректоры Тусупова Лейла Амангельдиевна және ғылыми қауымдастық өкілдері құттықтау сөз сөйледі. Салтанатты бөлімде университет басшылығы Мадина Сәкенқызын көпжылдық еңбегі мен университеттің дамуына қосқан үлесі үшін «Әл-Фараби атындағы ҚазҰУ-ға сіңірген еңбегі үшін» күміс медалімен марапаттады.

Ғылыми бөлімде профессор Мадина Төлегенова «Адами капиталдың генеративтік рөлін зерттеу әдіснамасы туралы» тақырыбында баяндама жасап, мәселенің теориялық және әдіснамалық қырларына тоқталды. Түркиядағы Bitlis Eren университетінің доценті Улви Узун Йылмаз адами капитал мен экономикалық өсудің байланысын талдады. Өзбекстандағы Diplomat University өкілі Озода Пардаева гендерлік теңдік саясатының әлеуметтік-экономикалық салдарын қарастырды.
Профессор Римма Сағиева Қазақстан ғылымындағы адами капиталдың сандық және сапалық сипаттамаларын ұсынды. Профессор-зерттеуші Ғалия Даулиева жасанды интеллект дәуіріндегі адами капиталды дамыту бағыттарын талқылады. Швециядағы Мальмё университетінің зерттеушісі Динара Рахматуллаева PhD даярлаудың швед тәжірибесін Қазақстанда қолдану мүмкіндіктеріне назар аударды.

Жиынның маңызды сәттерінің бірі студенттерге профессор Мадина Төлегенова атындағы атаулы стипендияларды табыстау болды. Бұл бастама талантты жастарды қолдаудың, олардың білімге, ғылымға және кәсіби дамуға ұмтылысын ынталандырудың маңызын көрсетті.
Қатысушылар ғылыми әлеуетті нығайту, цифрлық трансформация жағдайында жаңа құзыреттер қалыптастыру және халықаралық академиялық ынтымақтастықты кеңейту мәселелері бойынша пікір алмасты. Ашық пікірталаспен аяқталған дөңгелек үстел ғылыми байланыстарды дамытуға және инновациялық экономиканың басымдықтарын айқындауға ықпал етті.

Жауапты тұлғалар: Экономика жоғары мектебінің деканы Ж.Ж. Ермекова, Ғылыми жұмыс және халықаралық қатынастар жөніндегі декан орынбасары Ш.Ә. Нұрғазы, Экономика кафедрасының меңгерушісі С.К. Есенғазиева, кафедра оқытушылары: Г.К. Андабаева, А.Е. Калиева, Г.К. Иляшова, А.Г. Сағынбай.
Басқа жаңалықтар