Экономика және бизнес жоғары мектебінің «Экономика» кафедрасының оқытушылары «Қаржылық талдау» оқу құралын ҚазҰУ-дың әл-Фараби кітапханасына сыйға тартты — ҚазҰУ

Экономика және бизнес жоғары мектебінің «Экономика» кафедрасының оқытушылары «Қаржылық талдау» оқу құралын ҚазҰУ-дың әл-Фараби кітапханасына сыйға тартты

13 қараша 2026
Экономика және бизнес жоғары мектебінің «Экономика» кафедрасының оқытушылары «Қаржылық талдау» оқу құралын ҚазҰУ-дың әл-Фараби кітапханасына сыйға тартты

Кітапхана қорын толықтыру, мемлекеттік тілдегі кәсіби әдебиеттердің қолжетімділігін арттыру және оқу үдерісін оқу-әдістемелік тұрғыдан қамтамасыз етуді жетілдіру мақсатында 2026 жылғы 12 қарашада әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университеті Экономика және бизнес жоғары мектебінің «Экономика» кафедрасының оқытушылары, экономика ғылымдарының докторы, профессор Б.Д. Дәулетбақов және экономика ғылымдарының кандидаты, профессор міндетін атқарушы Р.Б. Сартова өздері дайындаған «Қаржылық талдау» оқу құралының бірнеше данасын әл-Фараби кітапханасына сыйға тартты.

Оқу құралы кәсіпорындардың қаржылық қызметін талдаудың теориялық, әдіснамалық және практикалық аспектілеріне арналған. Басылымда қаржылық есептілікті қалыптастыру негіздері, бухгалтерлік балансты талдау әдістері, ұйымдардың қаржылық тұрақтылығын, өтімділігін, төлем қабілеттілігін және іскерлік белсенділігін бағалау мәселелері қарастырылған. Кәсіпорындар қызметінің тиімділігін арттыру резервтерін анықтауға және олардың қаржылық жағдайын нығайтуға ерекше назар аударылған.

Оқу құралының маңызды ерекшеліктерінің бірі – кәсіпорындардың қаржылық жағдайын бағалау мен болжаудың заманауи әдістерін, соның ішінде инвестициялық және сценарийлік талдауды, сондай-ақ белгісіздік пен тәуекел жағдайында басқарушылық шешімдер қабылдау тәсілдерін қарастыру.

Басылымның практикалық бағыты Excel, Project Expert, Audit Expert және Python сияқты заманауи цифрлық құралдарды қолданумен ерекшеленеді. Нақты мысалдар арқылы аналитикалық есептеулер жүргізу үшін компьютерлік бағдарламаларды пайдалану жолдары көрсетілген. Сонымен қатар оқу құралында алынған білімді бекітуге арналған практикалық тапсырмалар, өзін-өзі бақылау сұрақтары және тест материалдары берілген.

Оқу құралын қазақ тілінде кітапхана қорына тапсыру Қазақстан Республикасы Үкіметінің 2023 жылғы 16 қазандағы № 914 қаулысымен бекітілген Қазақстан Республикасында тіл саясатын дамытудың 2023–2029 жылдарға арналған тұжырымдамасы аясында ерекше маңызға ие. Университет кітапханасын арнайы әдебиеттермен толықтыру жоғары білім беру жүйесінде мемлекеттік тілдің қолданылу аясын кеңейтуге және кәсіби экономикалық терминологияны дамытуға ықпал етеді.

Бұл бастама сондай-ақ сапалы білімге қолжетімділікті қамтамасыз етуге және өмір бойы білім алу мүмкіндіктерін кеңейтуге бағытталған БҰҰ-ның № 4 «Сапалы білім» Тұрақты даму мақсатының (ТДМ 4) басымдықтарына сәйкес келеді.

Оқу құралы «Қаржы» және «Бухгалтерлік есеп және аудит» білім беру бағдарламаларының студенттеріне, магистранттарына және оқытушыларына арналған. Оны оқу үдерісінде пайдалану аналитикалық ойлауды дамытуға, кәсіби құзыреттіліктерді қалыптастыруға және қаржылық талдаудың заманауи әдістерін меңгеруге мүмкіндік береді.

Осылайша, «Қаржылық талдау» оқу құралын әл-Фараби кітапханасына сыйға тарту «Экономика» кафедрасы оқытушыларының қазақ тіліндегі білім беру ресурстарын дамытуға, университеттің оқу-әдістемелік базасын жетілдіруге, сапалы білім беру және орнықты даму қағидаттарын іске асыруға қосқан маңызды үлесі болып табылады.

Экономиканың цифрлық трансформациясы жағдайында қаржылық деректерді талдау, экономикалық тәуекелдерді бағалау және негізделген басқарушылық шешімдер қабылдау үшін ақпараттық технологияларды тиімді қолдана алатын мамандарды даярлау ерекше өзектілікке ие.

Сонымен бірге профессор Дәулетбақов Б.Д. кейінгі жылдары басылымнан шыққан 16 дана қазақ, орыс және ағылшын тілдеріндегі монография және оқу құралдарын Әл-Фараби атындағы кітапханаға сыйға тарты.