- Басты бет
- Жаңалықтар
- «Заң мен тәртіп» жобасы аясында тарих факультетінде ақпараттық-түсіндіру кездесуі өтті
«Заң мен тәртіп» жобасы аясында тарих факультетінде ақпараттық-түсіндіру кездесуі өтті
3 қараша күні Әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университетінің тарих факультетінде (414-аудитория) «Заң мен тәртіп» жобасы аясында «Студенттің құқықтық мәдениеті және академиялық жауапкершілігі» тақырыбында мазмұнды ақпараттық-түсіндіру кездесуі ұйымдастырылды.
Іс-шараның басты спикері ретінде Заң факультетінің Азаматтық құқық және азаматтық іс жүргізу, еңбек құқығы кафедрасының оқытушысы Тұрысбек Әсем Берікқызы арнайы шақырылды.
Кездесу барысында спикер студенттерге қазіргі қоғамдағы құқықтық сауаттылықтың маңызы, білім алушылардың құқықтары мен міндеттері, сондай-ақ университеттің ішкі тәртіп ережелері мен академиялық адалдық қағидаттарын сақтау мәселелері жөнінде жан-жақты түсіндірме берді. Сонымен қатар, құқық бұзушылықтың алдын алу, сыбайлас жемқорлыққа қарсы мәдениетті қалыптастыру және әрбір студенттің өз іс-әрекетіне деген жауапкершілігі туралы нақты өмірлік мысалдар келтірілді.
Кездесу ашық диалог форматында өтті. Тарих факультетінің студенттері өздерін толғандырған құқықтық сұрақтарын қойып, білікті маманнан тұшымды жауаптар алды. Шара соңында факультет басшылығы мен студенттер мазмұнды дәріс пен ашық пікір алмасу үшін Әсем Берікқызына алғыс білдірді.
Басқа жаңалықтар