Студенттерге өмір құндылығы мен психикалық денсаулықтың маңызы түсіндірілді
2026 жылғы 16 қарашада Әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университеті Шығыстану факультеті Қытайтану кафедрасының аға оқытушысы, 1-курс студенттерінің эдвайзері Дүйсенбай Құлпынай Шығыстану және Шетел филологиясы мамандықтарының студенттерімен «Өмір – қайталанбас сый» тақырыбында кураторлық сағат өткізді.
Тәрбиелік іс-шараның негізгі мақсаты – студенттерге өмірдің құндылығын түсіндіру, өз денсаулығы мен өміріне жауапкершілікпен қарауға баулу, өзіне зиян келтіру әрекеттерінің алдын алу және университет қабырғасында кездесетін оқу мен күнделікті өмір қиындықтарын дұрыс еңсеру жолдарын көрсету.
Кураторлық сағат барысында өмірдің бірегей құндылығы, психикалық денсаулықты сақтау жолдары, қиын жағдайларда қолдау іздеу және көмекке жүгінудің маңыздылығы талқыланды. Сонымен қатар өзіне зиян келтіру әрекеттерінің ықтимал салдары түсіндіріліп, мұндай жағдайлардың алдын алу мәселелеріне ерекше назар аударылды.
Эдвайзер студенттерге университеттегі оқу үдерісі мен күнделікті өмірде кездесетін қиындықтарға сабырмен қарау, эмоционалдық күйзелістерді дұрыс еңсеру және өз мәселелерін жалғыз шешуге тырыспау қажеттігін атап өтті. Қиындық туындаған жағдайда факультет психологына, эдвайзерге немесе оқытушыларға жүгініп, дер кезінде көмек пен қолдау алуға болатынын еске салды.
Кездесу барысында студенттер тақырыпқа қатысты өз ойларын ортаға салып, пікір алмасты. Сондай-ақ көкейлерінде жүрген сұрақтарын қойып, толыққанды жауаптар алды.
Іс-шара қорытындысында студенттердің өмірдің қадірі, психикалық денсаулықты сақтау және өзара қолдаудың маңыздылығы туралы түсініктері кеңейді. Кураторлық сағат жастардың қиындықтарды еңсеру дағдыларын қалыптастыруға, өз өмірі мен денсаулығына жауапкершілікпен қарауға бағытталған маңызды тәрбиелік шара болды.
Басқа жаңалықтар