ХАЛЫҚАРАЛЫҚ ҒЫЛЫМИ ӘРІПТЕСТІК – САПАЛЫ БІЛІМ МЕН ҒЫЛЫМИ ДАМУДЫҢ НЕГІЗІ
Халықаралық академиялық ынтымақтастықты дамыту, ғылыми-зерттеу әлеуетін арттыру және жоғары білім беру кеңістігіне озық шетелдік тәжірибені интеграциялау - Әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университетінің стратегиялық даму басымдықтарының бірі. Осы бағыттағы жүйелі жұмыстар аясында 2026-2027 оқу жылында Шығыстану факультетінің түріктану және шығыс елдерінің тарихы кафедрасында Түркия Республикасының Ескішехир Османгази университетінің профессоры Ахмет Карталдың академиялық қызметі жоспарланып отыр.
Аталған академиялық бастама Қазақстан мен Түркия арасындағы ғылыми-білім беру байланыстарын нығайтуға және жоғары оқу орындары арасындағы халықаралық әріптестікті жаңа мазмұнмен толықтыруға бағытталған. Профессорды шақыру Алматы қаласындағы Түркия Республикасының Бас консулдығының қолдауымен өтеусіз негізде жүзеге асырылады. Бұл бастама халықаралық дипломатиялық байланыстардың академиялық ынтымақтастықты дамытудағы маңызын көрсетеді.
Ынтымақтастық аясында профессор Ахмет Картал студенттерге, магистранттар мен докторанттарға дәріс сабақтарын өткізіп, ғылыми консультациялар беріп, академиялық кездесулер ұйымдастырады. Жоспарланған іс-шаралар білім алушылардың кәсіби және зерттеушілік құзыреттерін жетілдіруге, түркітану ғылымының өзекті мәселелерін терең зерделеуге, сондай-ақ шығыс елдерінің тарихи, мәдени және өркениеттік даму ерекшеліктерін ғылыми тұрғыдан талдауға мүмкіндік береді.
Шетелдік ғалымның академиялық ортаға қатысуы халықаралық ғылыми тәжірибені білім беру үдерісіне енгізудің маңызды тетігі болып табылады. Атап айтқанда, профессор дәрістері мен ғылыми кеңестері арқылы білім алушылар Түркияның заманауи ғылыми зерттеу бағыттарымен, академиялық ізденіс әдістерімен және түркі халықтарының тарихи-мәдени мұрасын зерделеудің ғылыми тәсілдерімен танысады. Бұл олардың ғылыми дүниетанымын кеңейтіп, сыни ойлау, салыстырмалы талдау және дербес зерттеу жүргізу дағдыларын дамытуға ықпал етеді.
Бастаманың стратегиялық маңызы Қазақстан мен Түркия арасындағы тарихи, тілдік және мәдени сабақтастықты ғылыми тұрғыдан зерделеумен де ерекшеленеді. Ортақ тарихи-мәдени мұра екі елдің ғылыми қауымдастықтары арасындағы диалогты тереңдетуге, түркітану саласындағы зерттеулерді халықаралық деңгейде ілгерілетуге және жаңа академиялық байланыстар қалыптастыруға негіз болады.
Әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университеті үшін мұндай халықаралық бастамалар университеттің ғылыми-білім беру кеңістігін интернационалдандыруға, академиялық ортаның бәсекеге қабілеттілігін арттыруға және халықаралық ғылыми әріптестік желісін кеңейтуге бағытталған маңызды қадам болып саналады.
Профессор Ахмет Карталдың академиялық қызметі халықаралық ғылыми тәжірибені білім беру үдерісіне тарту, жас зерттеушілердің академиялық әлеуетін арттыру және Қазақстан мен Түркия арасындағы ғылыми-білім беру ынтымақтастығын нығайту жолындағы маңызды бастама болмақ. Бұл университеттің халықаралық академиялық кеңістіктегі беделін нығайтуға және отандық шығыстану ғылымының дамуына өз үлесін қосуда.
Басқа жаңалықтар