Пәкістанның ұлттық ақыны Мұхаммад Иқбалға арналған әдеби-поэзиялық кеш өтті
2026 жылғы 17 қарашада әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университетінің Шығыстану факультетінде Пәкістанның ұлттық ақыны, көрнекті ойшыл әрі философ Аллама Мұхаммед Иқбалдың шығармашылық мұрасына арналған «Иқбал оқулары» атты әдеби-поэзиялық шара өтті.
Іс-шараның басты мақсаты – шығыс әдебиеті мен философиясының көрнекті өкілдерінің рухани мұрасын дәріптеу, студенттердің әдеби-мәдени танымын кеңейту және Қазақстан мен Пәкістан арасындағы мәдени-гуманитарлық байланыстарды нығайту.
Әдеби жиын Шығыстану факультетінің деканы, тарих ғылымдарының кандидаты, профессор М.Ш. Эгамбердиев құттықтау сөзімен ашылды. Ол өз сөзінде мұндай мәдени-ағартушылық іс-шаралардың студенттердің шығыс халықтарының әдебиеті мен рухани құндылықтарына деген қызығушылығын арттырудағы маңызын атап өтті. Пәкістанның Алматы қаласындағы Бас консулы Ризвана Қази ханым құттықтау сөзінде урду тілінің Пәкістан мәдениеті мен әдебиетіндегі орнына, сондай-ақ екі ел арасындағы достық қарым-қатынастарды дамытудағы тіл мен мәдени алмасудың маңыздылығына тоқталды. Сонымен қатар KAZ-PAK қауымдастығының басшысы Хабиб ур Рахман мырза қазақ және пәкістандық студенттер арасындағы мәдени байланыстарды нығайту, жастардың өзара тәжірибе алмасуы мүмкіндік жасау қажеттігін атап өтті.
Әдеби бағдарламасы аясында Шығыстану факультетінің Таяу Шығыс кафедрасының студенттері Мұхаммед Иқбалдың шығармаларын урду және парсы тілдерінде мәнерлеп оқыды. Урду тілі бөлімі мен пәкістандық студенттер XXI ғасырдағы Иқбал идеяларының өзектілігіне арналған сахналық қойылым ұсынып, ақынның философиялық көзқарастары мен адамзатқа ортақ құндылықтарын көрермен назарына ұсынды.
Шара соңында белсенді қатысушыларға сертификаттар табысталды. Сондай-ақ KAZ-PAK қауымдастығы урду тілін меңгеріп жүрген студенттерді ынталандыру мақсатында оларға қаржылай сыйлықтар табыс етті. «Иқбал оқулары» әдеби кеші екі ел жастары арасындағы мәдени диалогты дамытуға, урду тілін үйренуге деген қызығушылықты арттыруға, сондай-ақ Мұхаммед Иқбалдың бай рухани мұрасын кеңінен танытуға бағытталған маңызды мәдени іс-шара болды.


Шығыстану факультеті деканының әлеуметтік-тәрбие
жұмысы жөніндегі орынбасары, PhD
Канафьева Шынар
Басқа жаңалықтар