«МЕЙІРІМДІЛІК – ЖҮРЕКТЕН ЖҮРЕККЕ: ІЗГІЛІК ПЕН АДАМГЕРШІЛІК ҚҰНДЫЛЫҚТАРЫН ДӘРІПТЕУ» — ҚазҰУ

«МЕЙІРІМДІЛІК – ЖҮРЕКТЕН ЖҮРЕККЕ: ІЗГІЛІК ПЕН АДАМГЕРШІЛІК ҚҰНДЫЛЫҚТАРЫН ДӘРІПТЕУ»

14 қараша 2026
«МЕЙІРІМДІЛІК – ЖҮРЕКТЕН ЖҮРЕККЕ: ІЗГІЛІК ПЕН АДАМГЕРШІЛІК ҚҰНДЫЛЫҚТАРЫН ДӘРІПТЕУ»

2026 жылғы 13 қарашада Дүниежүзілік мейірімділік күніне орай Әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университетінің Экономика және бизнес жоғары мектебінде «Мейірімділік – жүректен жүрекке» тақырыбында тәрбиелік-танымдық іс-шара ұйымдастырылды. Іс-шараның негізгі мақсаты – студенттер арасында адамгершілік құндылықтарды дәріптеу, өзара сыйластық пен жанашырлық мәдениетін қалыптастыру және жастардың әлеуметтік жауапкершілігін арттыру.

Іс-шара барысында қатысушылар Дүниежүзілік мейірімділік күнінің тарихы мен маңызымен танысып, ізгілік пен қайырымдылықтың қазіргі қоғамдағы рөлі туралы пікір алмасты. Студенттер күнделікті өмірде жасалатын қарапайым жақсылықтардың адамдар арасындағы қарым-қатынасқа әсерін талқылап, өз тәжірибелерінен мысалдар келтірді.

Кездесудің негізгі бөлімі интерактивті тапсырмалар мен топтық жұмыстарға арналды. «Мейірімділік миссиясы» тапсырмасында студенттер түрлі өмірлік жағдаяттарды талдап, қиын жағдайға тап болған адамдарға қолдау көрсетудің тиімді жолдарын ұсынды. «Келісемін немесе келіспеймін» пікірталасы барысында қатысушылар мейірімділік, жауапкершілік және қоғамдық қарым-қатынас мәселелеріне қатысты өз көзқарастарын білдіріп, пікірлерін дәлелдеуге мүмкіндік алды.

«Бір жылы сөз» шығармашылық тапсырмасы студенттердің бір-біріне алғыс айтып, ізгі тілектерін білдіруіне бағытталды. Ал «Жақсылық жобасы» аясында қатысушылар университет ортасында жүзеге асыруға болатын әлеуметтік бастамаларды ұсынып, олардың маңыздылығы мен күтілетін нәтижелерін талқылады. Сонымен қатар «7 күн – 7 жақсы іс» тапсырмасы арқылы студенттер күнделікті өмірде жүзеге асыра алатын нақты игі әрекеттерді жоспарлады.

Іс-шара барысында студенттер белсенділік танытып, топтық талқылауларға қатысып, өзара тәжірибе алмасты. Ұйымдастырылған тапсырмалар олардың шығармашылық ойлауын, қарым-қатынас жасау және бірлесіп шешім қабылдау дағдыларын дамытуға мүмкіндік берді.

Кездесу қорытындысында мейірімділіктің үлкен істерден ғана емес, күнделікті қарапайым әрекеттерден басталатыны атап өтілді. Мұндай тәрбиелік бастамалар студенттердің тұлғалық дамуына ықпал етіп, университет қауымдастығында қолайлы әлеуметтік орта қалыптастыруға негіз болады.

Іс-шара БҰҰ-ның Тұрақты даму мақсаттарының 3-бағыты – «Денсаулық және әл-ауқат», 16-бағыты – «Бейбітшілік, әділдік және тиімді институттар» мақсаттарын жүзеге асыруға бағытталған.

Ұйымдастырушылар: Экономика кафедрасының оқытушысы Сырбек П.Н., аға оқытушысы Сағынбай Ә.Ғ., аға оқытушысы Мурабилдаева Р.А.