Су ресурстарын сақтау – тұрақты дамудың кепілі
2026 жылғы 18 қыркүйекте Әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университетінің Медицина және денсаулық сақтау факультетінде «Су ресурстарын сақтау – тұрақты дамудың кепілі» атты дөңгелек үстел өтті. Іс-шара университет пен факультеттің стратегиялық жоспарларына сәйкес Эпидемиология, биостатистика және дәлелді медицина кафедрасында ұйымдастырылды. Дөңгелек үстелге «Қоғамдық денсаулық» білім беру бағдарламасының 3-курс студенттері қатысты. Іс-шараны куратор-эдвайзер Арынова Г.А. ұйымдастырды.
Дөңгелек үстелдің мақсаты – су ресурстарын ұтымды пайдалану мен су көздерін ластанудан қорғаудың маңызын түсіндіру, сондай-ақ ауыз су сапасының халық денсаулығына әсерін қоғамдық денсаулық тұрғысынан қарастыру.
Іс-шара барысында Нұрлыбай Гүлден мен Нурмуханова Тоғжан тақырып бойынша презентация ұсынды. Презентациядан кейін студенттерге қарастырылған материалды бекіту және негізгі ұғымдарды қаншалықты меңгергенін бағалау үшін тест сұрақтары берілді.
Қауіпсіз ауыз суға қолжетімділік – халық денсаулығын қорғаудың маңызды шарттарының бірі. Су көздерін ластанудан қорғау және ауыз су сапасын жүйелі бақылау су арқылы таралатын жұқпалы аурулардың алдын алуға көмектеседі. Ал суды тұрмыста үнемді пайдалану қолда бар су ресурстарына түсетін жүктемені азайтуға ықпал етеді. Осы тұрғыдан алғанда, дөңгелек үстелдің тақырыбы БҰҰ-ның «Таза су және санитария» атты 6-шы Тұрақты даму мақсатымен үндеседі.
Болашақ қоғамдық денсаулық мамандары үшін бұл тақырыптың кәсіби маңызы зор. Ауыз су сапасына байланысты қауіптерді бағалау, санитариялық бақылаудың рөлін түсіну және тұрғындарға суды қауіпсіз пайдалану жолдарын түсіндіру – аурулардың алдын алу жұмысының бір бөлігі. Дөңгелек үстел студенттерге су ресурстарын қорғау мен халық денсаулығын сақтаудың өзара байланысын кәсіби тұрғыдан қарастыруға мүмкіндік берді.
Басқа жаңалықтар