- Басты бет
- Жаңалықтар
- Жаһандық ғылым мен ізгілік диалогы: ҚазҰУ-да «Философия. Ізгілік. Болашақ» атты халықаралық симпозиум жоғары деңгейде өтті
Жаһандық ғылым мен ізгілік диалогы: ҚазҰУ-да «Философия. Ізгілік. Болашақ» атты халықаралық симпозиум жоғары деңгейде өтті
6 қараша күні әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университетінің Ғылыми кітапханасында ҚР Вице-Президенті Ерлан Қариннің қатысуымен әлемдік деңгейдегі маңызды ғылыми-рухани жиын — «Философия. Ізгілік. Болашақ» атты Әл-Фараби халықаралық симпозиумы – 2026 табысты өтті.
Ұлы ойшылдың мұрасын қазіргі заманғы сын-қатерлермен ұштастырған ауқымды форум ҚР Ғылым және жоғары білім министрлігі Ғылым комитетінің қолдауымен, Қазақ ұлттық университетінің ұйымдастыруымен жүзеге асты.
Мәртебелі меймандар мен мемлекеттік қолдау. Симпозиумның ашылу салтанатын ҚР Ғылым және жоғары білім министрі Саясат Нұрбек жүргізді. Жиынға ICESCO бас директоры Сәлім М. Әл-Мәлік, Түркі мәдениеті мен мұрасы халықаралық қорының президенті Ақтоты Райымқұлова, ҚазҰУ ректоры Жансейіт Түймебаев, сондай-ақ Малайзия, Ресей, Қытай, Түркия, Иран және Тунис елдерінің белгілі ғалымдары мен университет басшылары қатысты.
Тарихи келісімдер мен жаңа көкжиектер. Арнайы рәсім аясында отандық ғылымның халықаралық беделін арттыратын үш ірі құжатқа қол қойылды:
ҚазҰУ-дың дінтану және мәдениеттану кафедрасына беделді «ICESCO Chair» мәртебесі берілді;
- Қытайдың Чжэнчжоу университеті базасында «Әл-Фараби орталығының Институты» филиалын ашу туралы келісім бекітілді;
- Малайзия халықаралық ислам университетімен ғылыми-білім беру серіктестігі орнатылды.
Ғылыми талқылаулар. Іс-шараның ғылыми-теориялық мазмұнының мәнді өтуіне факультет деканы Б.Б.Мейрбаев жетекшілік етті. Пленарлық отырыстың ғылыми бөлімінде отандық және шетелдік жетекші философ-ғалымдар (Ж. Алтаев, Я. Айдынлы, Х.М. Реза Парсаниа, А. Салем, А. Ахмад Юсуф, Н. Сейтахметова) әл-Фараби трактаттарындағы интеллект, логика, ізгілік этикасы және көпконфессиялы қоғамдағы келісім мәселелерін жаңаша қырынан зерделеді.
Сонымен қатар, симпозиум аясында «Әл-Фараби және оның адамзат тарихына қосқан үлесі» атты Әл-Фараби атындағы ҚазҰУ мен ICESCO ұйымдастырған II халықаралық конференция, IV Қазақстандық философиялық конгресс және «Теориялық және практикалық даналықтың дамуындағы әл-Фарабидің орны» атты дөңгелек үстел ұйымдастырылды.
Философия және саясаттану факультетінің жоғары деңгейдегі ұйымдастырушылық әлеуетін көрсеткен бұл симпозиум ҚазҰУ-дың әлемдік ғылыми-рухани кеңістіктегі көшбасшылық рөлін тағы бір мәрте айқындады.
Басқа жаңалықтар